6-қазан күні елімізде жалпыұлттық референдум өтеді. Қазақстан халқы «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауалға өз таңдауларын жасайды. Референдумға дайындық барысы жөнінде білмек болып, Кентау қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Бекзат Садуовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
— Бекзат Нұралыұлы, референдумды өткізу барысы бойынша түсіндіріп өтсеңіз. Жалпы, саяси науқанға ел азаматтары қанша жастан бастап қатысады, қай күні дауыс береді?
— Референдумға қатысуға 18 жасқа толған республика азаматтары ие. Азаматтардың ерікті қатысуы, еркін ашық білдіруі, сондай-ақ жалпыға бірдей, тең, төте, және жасырын дауыс беру қағидаттары бойынша өткізіледі.
15 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы билік таңдаушылардың (дауыс берушілердің) тізімдерін референдум учаскесіне, ал жоғарғы тұрған комиссияға және Орталық референдум комиссиясына тізімнің электронды нұсқасын беруге тиіс. Біз тізімді берілді. 26 қыркүйекке дейін учаскелік референдум комиссиялары дауыс берушілердің тізімін алғаннан кейін ауқымды жұмысты бастайды; азаматтар дауысты қашан және қайда бере алатыны, не үшін дауыс беру керегі, сайлау учаскесі қай мекенжайда орналасқаны туралы ақпаратты береді. Бұл жұмыстардың баршасы да қазіргі таңда жүріп жатыр.
Бюллетеньдер дауыс беру күніне дейін 1 күннен кешіктірілмей жеткізілуі тиіс. 5 қазан — үнсіздік күні. Үгіт-насихат дауыс беру күніне дейін түнгі сағат 00.00-де аяқталады. 6 қазан — референдум күні. Дауыс беру сағат таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізіледі.
Өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге 2 күн беріледі. Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын белгілеп, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялауға тиіс.
— Референдум учаскелерінің дайындығы қалай?
Кентау қаласының аумақтық референдум қомиссиясына қарасты 35 учаскелік референдум комиссиялары 2024 жылы 6 қазанда референдум өткізуге дайын. Учаскелерді жабдықтау жұмыстары толығымен жүргізілді. Дауыс беру кабиналары арнайы ширмамен жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалды. Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру бағытында оқыту жұмыстары жүргізілді.
Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін. Мысалы: вахталық әдіс арқылы жұмыс істейтіндер үшін 12 сағаттың ішінде дауыс саналады.
— Жалпы әрбір саяси науқанға кентаулықтар белсенді қатысады. Бұл жолғы референдумда да қала тұрғындарын белсенділік танытады деп сенм білдіреміз.
— Ия, расында мен барша кентаулықтарды 6 қазан күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айтып өткендей, біз бола шақ ұрпағымыз үшін осындай мемлекеттік маңызы бар шешімдерді бірлесе отырып қабылдап, маңызды қадам жасаудың жаңа үлгісін көрсетіп жатырмыз. Кентау қаласының халқы жоғары әлеуетімен, белсенділігімен әрдайым ерекшеленеді.
Республикалық референдумға бір кісідей қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамыз! Әркімнің дауысы маңызды!
-Әңгімеңізге рахмет!