АЭС төңірегінде даулы пікір мен сын көп. АЭС салынса, Қазақстанда мамандар жеткілікті ме, министрліктің нақты жоспары қандай? Massaget.kz тілшісі АЭС-ке қатысты ең маңызды сауалдарға жауап іздеді.
Спикер — Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.
— Сарапшылар Қазақстан алдағы жылдары энергия тапшылығын сезінетінін айтып жүр. Осы тұста Қазақстан АЭС салуда кешігіп жатыр ма?
— АЭС салуда уақыттан ұтылдық деп айту әлі ерте. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттері, оның ішінде АЭС құрылысы әлі де тиімді жүзеге асырылуы мүмкін. АЭС құрылысы күрделі әрі ұзақ мерзімді жоба болғандықтан, бұл мәселені ертерек шешу маңызды. Дегенмен «уақыттан ұтылдық» деп айту орынсыз, себебі әлемдік тәжірибеге қарағанда, көптеген елде АЭС салу мен оны пайдалану үдерісі ондаған жылға созылады. Бастысы — шешімнің дұрыс қабылдануы және оның уақытылы жүзеге асырылуы.
— Энергия тапшылығы бірнеше жылдан кейін байқала ма? Әлде қазір де тапшылық бар ма?
— Қазіргі кезде елімізде энергия тапшылығының алғашқы белгілері байқалып жатыр. Электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді, ал қазіргі энергетикалық инфрақұрылым бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз болуы мүмкін. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда өндірілетін энергияның басым бөлігі (шамамен 66 пайызы) көмірден алынады, бұл экологияға үлкен әсерін тигізіп қана қоймай, энергетикалық жүйені жаңартуды қажет етеді. 2035 жылға қарай электр энергиясына деген сұраныс 152,4 млрдкВт/c-қа жетеді деп болжанып отыр, ал қазіргі қуат көздері бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етпейді.
— АЭС салуға кіріспесек, Қазақстанды қандай қауіп-қатер күтіп тұр?
— Қазақстан қазіргі уақытта АЭС салуға кіріспесе, болашақта энергия жеткіліксіздігі болуы әбден мүмкін. Қазіргі энергетикалық инфрақұрылымның тозығы жеткенін ескерсек, болашақтағы энергия тапшылығын тек жаңа технологиялармен, соның ішінде атом энергетикасымен шешуге болады. Сондықтан Қазақстан АЭС құрылысы бойынша кешікпей, уақытылы әрі тиімді шешім қабылдаса, бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты да арттырады.
— Министрлік, сала мамандары АЭС-ке қаншалық дайын? Мамандар жеткілікті ме?
— Әлемдік тәжірибеге сәйкес, АЭС-ті толыққанды пайдалану үшін жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын қызметкер қажет. Маңызды аспект: бұл санның шамамен 20 пайызы ядролық физика және атом энергетикасы саласындағы білімі бар мамандар болуы керек, өйткені олар станцияның негізгі жүйелерінің жұмыс істеуін және қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз етеді. Қазір Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17 мыңнан аса адам еңбек етіп жатыр. Бұл елдің атом энергетикасында жұмыс істеу үшін кадрлық әлеуетті кеңейтуге дайындығын көрсетеді.
— Шетелден мамандар тартылуы мүмкін бе, әлде елімізде бұл сала мамандары дайындалып жатыр ма?
— Атом саласы үшін мамандар даярлау еліміздің жетекші университеттерінде «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық инженерия», «Атом электр станциялары мен қондырғылары» және басқа да сабақтас пәндер бойынша жүргізіледі. Сала мамандарын даярлауға қатысатын негізгі жоғары оқу орындарының ішінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін және Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетін атап өтуге болады.
Білім беру бағдарламаларының маңызды элементі – қос дипломды бағдарламаларды енгізуге мүмкіндік беретін халықаралық университеттермен ынтымақтастық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жетекші ядролық зерттеу орталықтарының бірі – Ресейдің «Дубна» университетімен бірлесіп іске асырылатын екі дипломды бакалавриат бағдарламасы жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресейдегі «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті «Теориялық ядролық физика» бағыты бойынша бірлескен магистрлік бағдарламаны іске қосты. 2022 жылғы қазаннан бастап «МИФИ» Алматы филиалында «Ядролық физика және технология» бакалавриат бағдарламасы бойынша оқытып жатыр.
Білім алушылар Үлбі металлургия зауыты, Ядролық физика институты, Ұлттық ядролық орталығы сияқты мекемелерінде, металлургия саласы кәсіпорындарында алған білімдерінің әмбебаптығына байланысты ғылыми-зерттеу зертханаларында тәжірибеден өтеді.
— Энергетика министрлігі АЭС бойынша нақты жоспар құрды ма?
— Референдум оң нәтижемен өтсе, министрлік атом энергетикасын дамыту бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Атом энергетикасы саласында кадрларды даярлау және білім беру жүйесін жетілдірумен қатар, нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу де күшейтіледі. Қазақстанда АЭС құрылысын бастамас бұрын әлеуетті жеткізушіні мұқият таңдау процесі жүргізіледі. Сонымен қатар реттеуші органның рөлін күшейту үшін нормативтік-құқықтық база кеңейтіліп, халықаралық стандарттармен үйлестіріледі, сондай-ақ басқа елдердің жұмыс істеп тұрған АЭС-теріне инспекция өткізу бойынша тағылымдамалар ұйымдастырылып, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша тұрақты іс-шаралар жүзеге асырылады.
— Халықтың үрейіне қатысты не айтуға болады? Уайымдауға негіз бар ма?
— АЭС – қоғамда көптеген пікірталас туғызатын маңызды және көпқырлы мәселе. Халықтың басты мәселелерінің бірі – қауіпсіздік. 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде, 2011 жылы Фукусима АЭС-інде және 1979 жылы АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд АЭС-індегі апаттар халықтың осындай апаттар қайталануы мүмкін бе деген алаңдаушылығын туғызады. Алайда Қазақстанда құрылыс үшін қауіпсіздіктің едәуір жоғары стандарттарына ие III және III+ жаңа буын реакторлары қарастырылады. Бұл реакторлардың басты ерекшелігі – станцияның сыртқы және ішкі әсерлерге төзімділігін қамтамасыз ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімі. Бұл жүйелер автономды түрде жұмыс істей алады және төтенше жағдайда оператордың араласуын қажет етпейді, бұл адам факторынан туындаған қателердің ықтималдығын азайтады. Мұндай реакторлар үшін ауыр апаттың ықтималдығы 10 миллион жылдық жұмыс үшін бір оқиғадан аз, бұл оларды алдыңғы буын реакторларымен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз екенін көрсетеді.
— Халықтың үрейін басуға Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі қауқарлы ма?
— Қазақстан энергетикалық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алады және АЭС жобасын құрылыс пен пайдаланудың барлық кезеңінде қауіпсіздікті қадағалайтын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) сияқты халықаралық ұйымдар қатаң бақылайды.
— АЭС құрылысына неліктен Үлкен ауылы ұсынылып отыр?
— АЭС салатын жерді таңдау да маңызды аспект. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша қауіпсіздік аспектілерін және табиғи-климаттық факторларды (сейсмикалық қауіп, су ресурстарының болуы, жер бедерінің болуы, геологиялық құбылыстар және т.б.), сондай-ақ бірінші кезекте елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, станцияның қуаты 2800 МВт дейінгі АЭС құрылысына ең қолайлы аудан ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы ұсынылды. Үлкен ауылы ауданында АЭС салу жаңа жұмыс орындарын құруды, инфрақұрылымды дамытуды және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуды қоса алғанда, өңірге айтарлықтай экономикалық даму әкеледі. Жалпы жоба экономиканың өсуіне ынталандырушы және өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады.
— АЭС Балқашты ластайды деген де пікір бар. Сын пікір қаншалық орынды?
— Сарапшылардың пікірінше, екі блокты АЭС-ті пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына 63 млн м3 болады, бұл – Балқаш көлінің табиғи булануының 0,32 пайызына тең. Бұл ретте Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд м3 болады, бұл АЭС-ті салқындату үшін қажет көлемнен едәуір артық, демек, АЭС Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейді. Алайда су ресурстарына және су сапасына әсерді дәл бағалау үшін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес инженерлік ізденістер мен қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамтитын АЭС құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі болашақ жұмыстар шеңберінде қосымша зерттеулер қажет.
— Қазақстан АЭС құрылысын жүргізетін елге тәуелді елге айналады деген де пікірлер бар. Қаншалық рас?
— Қазақстан АЭС үшін технологияларды жеткізуші елге тәуелді болып қалмайды, өйткені Қазақстанда АЭС салу жобасы тек коммерциялық және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы жобаны іске асыру үшін серіктес таңдау процесінде экономикалық орындылық, технологиялық сенімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық стандарттарға сәйкестік сияқты факторлардың ескерілетінін атап өткен жөн.
— Тағы бір мәселе: жемқорлық. Сарапшылар АЭС-ке бөлінетін қаржы талан-таражға салынып кетуі мүмкін екенін айтады. Бұған қатысты қандай пікір білдіресіз?
— Нысан неғұрлым жоғары технологиялық болса, соғұрлым оған мұқият назар аударылады. АЭС салу және пайдалану кезінде АЭХА, Ядролық қауіпсіздік саласындағы реттеушілердің Еуропалық тобы (ENSREG), АЭС пайдаланатын ұйымдардың Дүниежүзілік қауымдастығы (WANO) және т.б. халықаралық ұйымдардың миссиялары өткізіледі. Бұл халықаралық миссиялар қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде АЭС жобалауға, салуға және пайдалануға байланысты барлық процестің ашықтығы мен есептілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
— Қазақстан АЭС құрылысына қатысты қай елді таңдағаны жөн? Қай елдің АЭС-і қауіпсіз деп саналады?
— Қазақстан бірнеше елді АЭС салу үшін әлеуетті жеткізушілер ретінде қарастырады. Олардың арасында – Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея бар. Бұл елдердің барлығы қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына ие 3 және 3+ буындардың заманауи технологияларын ұсынады. Референдумның нәтижесі оң болған жағдайда АЭС салу технологиясы –қауіпсіздікті, экономикалық тиімділікті, техникалық аспектілерді, сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық және ұлттық мүдделерін ескере отырып таңдалады.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Референдум биыл 6 қазанда өтеді.