Торонто университетінің ғалымдары әдеби шығармаларды құныға оқитын адамдардың салалық кітаптармен ғана сусындайтын оқырмандарға қарағанда анағұрлым креативті келетінін анықтап отыр. Ғылыми кітаптар білімгердің белгілі бір тақырыпты меңгеріп шығуына көмектескенімен, ол туралы кеңінен ойлануына септігін тигізе алмайды. Бір жағдайға емес, әртүрлі ситуацияға дайындалу керек. Оның жолы – әдеби кітаптарды оқу. Жақында осы мақсатта Ахмет Байтұрсынұлы Білім Академиясының ұйымдастыруымен «Үздік оқырман – 2024» республикалық мұғалімдер байқауы өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған байқауға Қазақстан Республикасының кітап сүйер барша ұстаздары қатысты.
«Үздік оқырман» байқауына қатысушылар Зейтін Ақышевтің “Жаяу Мұса” романын, Сайын Мұратбековтің “Жабайы Алма” повесін, Ақан Нұрмановтың “Құланның ажалы” романын, Қаржаубай Омарұлының “Әке” повесін, Қалмұқан Әбдіқадыровтың “Қажымұқан“ повесін, Қази Данабаевтің “Сағыныш екен бала кез” повесін, Стендаль “Қызыл мен қара” романын, Э. Хэмингуей “Қош бол, майдан” романын, Жюль Верн “Әлемді 80 күнде шарлау” романын, Эрнест Сетон-Томпсонның “Киелі көкжал” хикаятын оқыды.
Ағымдағы жылдың 1- қыркүйек күні байқау қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде Ордабасы ауданының бірқатар ұстаздары мен кітапханашылары жүлделі орындар мен Алғыс хаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, Д. Қонаев атындағы ЖББМ мұғалімі Өтебек Әлия Ерғалиқызы ІІ – орынды, «Зерде» ЖББМ мұғалімі Байларбекова Балжан ІІ – орынды, Б.Кенжебаев атындағы ЖББМ мұғалімі Ақшора Пернегүл ІІ – орынды,
Б.Оңтаев атындағы ЖББМ мұғалімі Уралбаева Майра ІІІ – орынды, Б.Нұрлыбеков атындағы ЖББМ мұғалімі Айтжанова Ардақ ІІІ – орынды иеленсе, «Зерде» ЖББМ кітапханашысы Бескеева Назгүл, Б.Оңтаев атындағы ЖББМ мұғалімі Шарипова Айжан Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Осыған орай, Түркістан облысында үздік педагогтерді басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Алдағы уақытта Түркістан облысы республикада тұңғыш рет 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытады. Бұл бастамаға Алматы қаласындағы Абай университеті де өз үлесін қосуға ниет білдіріп отыр.
Сала мамандары «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында өңірімізде мұғалімдерге деген сұраныстың арта түсетінін айтады. Алдағы жылы еліміз бойынша орта білім беру ұйымдарына 49 мың педагог-маман қажет болады екен. Сондықтан, заман талабына сай білікті де білімді мұғалімдерді даярлау бүгінгі уақыт талабы болып отыр.
Бұған дейін Түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда «lesson study» әдісі, АҚШ-та «инклюзивті білім беру», Қытайда «техникалық және кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша тәжірибе алмасқан болатын. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия, Сингапур елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтпек. Мұнда «Жайлы мектеп» пен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына басымдық беріледі.
Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында республикадағы білімі төмен мектептердің тізімі жасалды. Еліміз бойынша анықталған 943 «Мақсатты мектеп» тізімінде өңірде білім сапасы төмен 162 мектеп бар. Ендігі кезекте өңірдегі осы аталған білім ошақтарының білім сапасын жақсарту бойынша жоспар жасалады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдегі білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Бұл – республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында деген сөз. Ал жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа қабылданды.