Келес ауданына қарасты №47 Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Сүндетқұл Кәусар Қалмырзақызы кішкентай кезінен бастап еңбекқор болып өсуде. Көп балалы өнерлі отбасында дүниеге келген Кәусар атасына көмектесіп домбыра, қобыз сыңды ұлттық жәдігерлер мен қолөнер бұйымдарын жасайды.
— Менің атам жиырма жылдан бері қолөнермен айналысады. Ес білгелі атамның қасында жүріп, оның жасаған заттарына ұлттық оюды бедерлеп, кейде өзім де біртіндеп түрлі бұйымдар жасауға машықтана бастадым. Маған бұл кәсіп қатты ұнайды. Сабақтан кейін үйге қарай асығамын, бос уақытымды тиімді өткізгім келеді. Мені мектепте өтетін көркем еңбек пәні қатты қызықтырады, — дейді өнерлі оқушы.
Айта кету керек, Кәусардың әкесі шаштаразшы, ал анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Атасы мен немересінің бірігіп жасаған қолөнер бұйымдары, соның ішінде домбыралары түрлі көрмелерге қойылған. Ауыл тұрғындары арасында да үлкен сұранысқа ие. Жас шәкірт оқуда озат, түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Сабағымен қатар өнерден де қол үзбей жүрген Кәусарды өз қатарластары да үлгі тұтады.
Орайы келгенде тілге тиек ете кетейік, Биылғы жаңа оқу жылында Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдарының саны 1058-ге жетті. Оның 910-ы мемлекеттік, 148-і жекеменшік мектептер. Жалпы қазіргі таңда осы мектептерде 530 мың шәкірт білім алуда. Оның 52 593-і бірінші сыныпқа қабылданды. Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан бірден-бір өңір – Түркістан облысы. Балабақшаларда, мектеп, колледж, лагерьлерде жалпы 300-ден астам білім беру ұйымдарында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 193 мектеп пен балабақша ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Бұл мақсатта бюджеттен 10,1 млрд. теңге бөлінген. Оған қоса 106 білім нысанының жылу жүйесін көмірден газға ауыстырудамыз. Ол үшін 2,1 млрд. теңге бөлінді. Тағы 12 колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, 22 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оның 5-еуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында өңірімізде соңғы екі жылда жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Атап айтқанда, 300 орынды – 11 мектеп, 600 орынды – 25 мектеп, 900 орынды – 15 мектеп, 1200 орынды – 6 мектеп, 1500 орынды – 4 мектеп, 2000 орынды 2 мектеп бар. Биыл 22 900 орынды құрайтын 29 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Аймақтар бойынша айтар болсақ, Түркістан қаласы мен Жетісай, Келес аудандарында үш, Сарыағаш ауданында төрт, Шардара ауданында екі мектеп пайдалануға берілсе, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Арыс қаласында бір-бір мектеп алғашқы оқушыларын қабылдайды. Аталған мектептердің 19-ы осы қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.