Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірде 20 мектептің құрылысына облыстық бюджеттен 14,7 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде 15 мектеп 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болса, қалған 5 мектептің құрылысы биыл басталды. Жыл соңына дейін 13 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр.
Биылғы жаңа оқу жылында 700 орынды 4 білім ұясының ашылу салтанаты өтті. Атап айтсақ, Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылдық округі, Айнатас елді мекеніндегі 100 орынды «Айнатас» мектебі мен С.Рахымов ауылдық округі, Көкібел елді мекеніндегі 300 орынды білім ұясы, Отырар ауданындағы Балтакөл ауылдық округі, Ақкөл елді мекеніндегі 100 орынды оқу ордасы, Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна елді мекеніндегі 200 орынды жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, қараша-желтоқсан айларында тағы 3100 орынды 9 мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл өңірімізде 52 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында облысымыздағы орта білім беру ұйымдарының саны 1060-қа жетті. Оқушылардың болжамды контингенті 500 мыңнан асады. Оның ішінде 1-сыныпқа 52 593 бала қабылданды. Биыл үнемделген қаражат есебінен 300-ден аса білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жемқорлық жолымен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, ол мектеп құрылысына жұмсалуда. Осы қор арқылы облыста 20 мектептің құрылысы жүруде. Оның 13-і биыл пайдалануға беріледі.
Облыс халқының 38%-ы – балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста тұрады. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда облыста 2-6 жастағы 187 612 бала мектепке дейінгі тәрбие орындарына, яғни балабақшаға барады. Түркістан облысында 50 колледж бар, онда 71 мамандық бойынша 30 000 студент білім алуда. Одан бөлек, мемлекеттік мектептерде – 17 271, жекеменшік мектептерде – 13 110 бала білім алады.