Алдағы уақытта тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың қолында. Сондықтан санасы сергек, заманауи технологияларды меңгерген, Отанымыздың нағыз патриот жастары уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек.
Бүгінде цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – негізгі талаптардың бірі. Бұл әрбір білім алушының, педагогтың және білім беру ұйымының оқу процесін жетілдіру үшін ауадай қажет. Мемлекетімізде цифрландыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Осы ретте, даму көшіне ілескен Білім беру мекемелерімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, яғни, балабақшаға кезекке қою, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау, педагогтардың аттестациясы, сонымен қатар, цифрлық білім беру платформалары, ақпараттық электрондық журнал және «Қауіпсіз мектеп» автоматтандырылған жүйесі жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы дайындалды. Негізгі көрсеткіштері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап «Нысаналы мектептер» жобасы бастау алады. Осы санаттағы облыс көлеміндегі білім сапасын арттыруды қажет ететін 162 мектептің 1-уі Сайрам ауданында орналасқан.
Айта кетейік, Сайрам ауданында жол картасы аясында 2 мектеп Lesson Study тәсілін пайдаланып, тәжірибелі мамандарды кәсіби жетілдіруге бағытталған ресурстық орталық ретінде бекітіліп, жұмыс жүргізуде.
Жапон елінің білім беру жүйесіндегі оқыту тәсілін қолдану іс-тәжірибемізде оң нәтижесін көрсете бастады. Осы жобаға қатысушы орта білім беру ұйымдарында 4 және 9 сынып оқушылары арасында білім жетістіктерінің мониторингісі өтіп, 2024 жылы Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті атынан ең үздік нәтеже көрсеткені үшін №67 «Көмешбұлақ» жалпы білім беретін мектебі дипломмен марапатталды.
Аталмыш аудан көлемінде 11 білім беру округтері құрылып, бала бақша-мектеп-колледж сабақтастықта жұмыс жүргізу арқылы білім сапасын арттыру шаралары жоспарланды, солардың бірі: бала бақшада бала қай тілде тәрбие алғанына қарай мектепте сол тілде білім алуын жалғастыру ұсынылды.
Аудан көлеміндегі 7 колледж дуальды білім беру жүйесін жүзеге асырады. Аудан колледждері 9-сыныпты және орта мектепті бітірушілердің аудан көлемінде грант негізінде білім алып, кәсібі бойынша ауданда жұмыс істеуге мүмкіндіктер жаратқан. Педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер ауданымыздың мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде тәжірибе жинақтауда.
Сайрам ауданында биылғы оқу жылында 205 білім беру мекемесі жұмыс атқаратын болады. Оның ішінде 74 мемлекеттік, 25 жекеменшік мектеп; 11 мемлекеттік, 92 жекеменшік балабақша, 3 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді.
2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 3631 оқушы бітірсе, 151-і «Алтын белгі» иегері, 338-і «Үздік аттестат» иегері атанған. 3631 бітірушінің 1089-ы грант игері атанды
2024-2025 оқу жылында 66750 оқушы білім алады деп жоспарлануда, былтырғымен салыстырғанда 1402 оқушыға артып отыр. Биылғы оқу жылында 1-ші сыныпқа қабылданатын бала саны – 7213 болды, яғни, бала өсімі ауданда жоғары динамикада.
Биыл білім күнінде Айнабұлақ негізгі орта мектепте жаңа 600 орындық мектеп құрылыс жұмыстары жүргізілуде, №49 Ш.Уалиханов мектебінде күрделі жөндеу жұмысы аяқталды.
Биылғы жылы 19 мекемеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Әлемді өркениетке жетелер білім көшінің жолбасшылары – дарынды ұрпақты тәрбиелеу – заман талабы.
Мұғалімнің құзіреттілігі — сапалы білімге төте жол. Өңір педагогтері үшін кәсіби байқаулар ұйымдастырылып, оған ауданнан 1077 педагог қатысып, 519-і жүлделі орындардан көрінді. Өткен жылы 1340 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен болса, ағымдағы жылы олардың саны 1500-ге жеткізу көзделуде. Ғылыми жобалар жарысының облыстық кезеңіне қатысқан оның 25-і облыстық турына қатысып, 18-і облыста жүлделі орындар иеленсе, 1-уі республикалық Астана қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамын» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми жарыста топ жарды.
Биылғы оқу жылында бірінші рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға ауданнан 1204 оқушы қатысып, облыстық кезеңнен 497 оқушы жүлделі орын иеленіп, 4 оқушы республикалық кезеңге жолдама алып, мадақтамамен оралды.
Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиадалардың облыстық кезеңіне 98 оқушы қатысып, оның 46-ы жүлделі орындармен оралса, Республикалық кезеңге ауданымыздан 7 оқушы қатысып , 3-уі жүлдегер атанды.
«Бастау» бастауыш сыныптар арасында өтетін математикалық турнирінің облыстық кезеңінде Сайрам ауданының командасы «Ең үздік команда» номинациясымен бас жүлдені иеленді. Н.Шойынбаев атындағы ЖББМ-нің 4 сынып оқушысы республикалық турында 3-ші орын иеленді.
«Мың бала» олимпиадасының облыстық кезеңіне 6 сынып оқушыларынан 3747 қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен 194 оқушы республикалық турына қатысып, жеңімпаз атанған 26 оқушы Дарын мектептеріне оқу грантына ие болды.
8 сынып оқушылары үшін өтетін «Айқанат» олимпиадасының аудандық кезеңіне 1808 оқушы қатысты, облыстық кезеңіне жоғары ұпай жинаған 234 оқушының 20-ы республикалық кезеңіне қатысып, екі оқушы Бурабайдағы «Айқанат» мектебіне грант жеңіп алды.
Білім сайысымен қатар спорт додаларында да шәкірттеріміз өз еселерін ешкімге бермей келеді. Атап айтсақ, облыстық Ұлттық мектеп лига жарысына ауданнан 10 команда қатысып, оның ішінде 7 команда жеңімпаз атанып, республикада облыстың намысын қорғады. Оның үшеуі 1-орын, екеуі 3-орын иеленді.
Облыстық «Айбын-2024» әскери патриоттық жиынына ауданымыздың №45, №96, №14 жалпы білім беретін мектеп оқушылары үш түрінен 3 орын алды. Жас суретші №41 М.Оразалиев атындағы ЖББМ-нің оқушысы Кәусар Нұрланқызы Түркия мемлекетіндегі өткен халықаралық балалар фестивалінде бейнелеу өнерінен бас жүлдеге ие болды.
Осының бәрі – ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі. «Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт – шәкірт емес, өз ұстазын сүймесе» дегендей, әр шәкіртіне рухы биік кемеңгерлік пен даңқы асқан парасаттылыққа жетудің сара жолын үлгі етіп келе жатқан ұстаздарға қандай мақтау айтсақ та жарасады.
Биылғы жаз маусымында аудандық білім бөлімінің бағынысындағы №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагерінде 7 ауысымда 2198 бала демалды. Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен жалпы 300 балаға тегін жолдама беріліп, қуаныш сыйлады. Олардың ішінде республикалық, облыстық білім сайыстарының жеңімпаздары, спорт, өнер жарыстарының жүлдегерлері, көп балалы отбасы және аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балалар. Сонымен катар, аталған қордың демеушілігімен «Гавая», «Машат Арасан» және «Қуаныш» лагерьлерінде 60 баланың демалысы ұйымдастырылды.
Сайрам аудандық білім бөлімі 2024-2025 жаңа оқу жылында да айтулы жетістіктерге қол жеткізу бағытында жұмысын жалғастыратын болады.