Ұлы ғұлама М.Әуезов: «Азамат қалыптастырамын десең, бесігінді түзе»,-деп бекер айтпаған. Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам оның ата-анасы. Ал ең әдемі де жарық үй – оның туған үйі. Сондықтан да жас баланың дамуына ата-ананың орны ерекше. Жалпы алғанда отбасы – тұлға қалыптастырушы бесік. Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы А.Сейдуәлі отбасындағы сыйластық пен мейірімділік туралы кең көлемде түсіндіріп берді.
«Ата-ананың үгіт-насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі-өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдеті, мінез-құлқы, жақсы-жаманды бағалау критерийлері қалыптасуымен қатар қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын, әділдік пен адалдық туралы ұғынып түсінеді. Отабасында әртүрлі жағдаяттар мен төтенше ахуалдарда өзін ұстаудың нормаларын, мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді.
Ата-анаға көз қуаныш,
Алдына алған еркесі.
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі,-деп кемеңгер Абай ақын өлеңмен өрнектегендей, перзент сүю – адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқан ең бір хикметті құбылыс, әр ата-ананың жан қалауы. Өйткені, бала − өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Құдай Тағаланың берген сыйы, аманаты» — деді теолог маман.
Жасыратыны жоқ, бүгінде кейбір ата-аналар өз перзенттерін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді немесе отбасындағы өнегелі тәрбие мөлшеріне немқұрайлылықпен қарайды. А.Сейдуәлінің пайымдауынша мұндай көріністер баланың бойында кері қасиет пайда болуына тікелей себеп болады.
«Бұндай қолайсыз жағдайларға тап болуына баланың өз ата-анасы кінәлі емес деп қалай айта аласыз. Бірақ осындай ата-аналар өз кемшілігін сезініп, өздері мойындай да бермейді. Бұл тәрізді жағдайлар аз болса да өмірде кездесіп тұратын шындық. «Адам бақыты – бала»,-деген ғұлама ойшылдарының пікірін біздің қазақ былай тұжырымдайды: «Адам бақыты – бала, егер ол саналы болса». Сондықтан қазақ құдайдан бала сұрағанда: «О, құдай, бала – бер, Бала берсең – сана бер! Санасыз болса, Қайта өзің ала бер»,-дегенінен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ожданы жоғары, намысқой азамат тәрбиелеп келген» — дейді А.Сейдуәлі.
Сондай-ақ, теолог маман имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы екендігін айтып өтті. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек алып қарауға әсте болмайды.
«Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды. Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың мұсылманға жат қылықтарға бой алдыру, батыстық мәдениетке еліктеп ақырында болашағынан үміт күттірген өскелен ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан. «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге»,-деп қараған халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті болып саналған. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Ата-ана, ұстаз, қоғам – үшеуі, тәрбиеге болар басты өлшем. Бір тұтасып, біріктірсе күштерін тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Тұғыры берік елдің отбасы да берік болады, отбасы қазығы нық қағылса, шаңырағы берік тәрбиеленер ұрпағы да өнегелі болмақ дегім келеді. Жоғарыда әңгіме арқауы болған тұжырымдарды жинақтаумен келесідей қорытындылар жасауға болады. Отбасы ықпалы басқа тәрбиелік әсерлердің бәрінен де күштірек. Жас ұлғаюмен ол әсер бәсеңдеуі мүмкін де, бірақ ешқашан өз маңызын жоймайды» — деді ол.
А.Сейдуәлі бала тәрбиесін ана құрсағынан бастау керек деген пікірде.
«Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде отбасында атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»,-деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Кешегі күнсіз келешек жоқ. Бүгінгі ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабаларымыздың мол мұрасымен сусындату – біздің міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы бабаларымыздың өнеге-өсиетін сабақтастырып, ұтымды пайдалана білуімізге де байланысты деп ойлаймын» — деді теолог маман.