Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Қазақстанның электр қуатына тапшы емес өңірінің өзі тапшылықты сезініп отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың сөзінше, АЭС құрылысы кәсіпкерлік субъектілеріне оң әсер етеді.
Өйткені, шыны керек, АЭС 10-12 жыл салынатын болса, онда құрылыс жұмысына, басқа да қосалқы жұмыстарға мердігер компаниялар, жергілікті азаматтар тартылатыны анық. Одан бөлек, екінші мәселе – еліміздегі энергия тапшылығынан кейбір кәсіпкерлік салалары толық дамымай отыр. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлік те біраз кедергілерге тап болғаны жасырын емес. Ал АЭС ел экономикасының өркендеуіне серпін береді, — дейді мәжілісмен.
Жарқынбек Амантайұлы өзі туып-өскен Павлодар қаласындағы энергия мәселесіне тоқтала кетті.
Павлодар электр қуаты жеткілікті аймақтардың бірі. Дегенмен бұл өңірдің өзінде энергияны қажет ететін өндірістерде де тапшылық болып жатады. Мысалы, зауыт салғысы келетін инвесторларға ең алдымен энергия тапшылығы туындайды. Ауыл шаруашылығы, жылыжай мәселесі, суармалы егіншіліктің барлығы энергияны қажет етеді. Павлодардың өзінде орналасқан бірнеше ірі жылыжайлар үлкен қуатты талап етеді. Оның үстіне Қазақстанның қысы қатты әрі ұзақ. Ал энергияға тапшы оңтүстік өңірлерде мәселе тіптен қиындау, — дейді ол.
Сондықтан депутат АЭС-тің салынуы және оның негізгі торабы еліміздің оңтүстігіне қарай бағытталуы өте орынды екенін атап өтті.
Сөзінше, АЭС-тің ауыл шаруашылығына және жалпы кәсіпкерліктің дамуына оң серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Себебі өндіріс түгелі қарапайым халықтың өзін тұрақты энергиямен қамтамасыз ету жыл сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Сондықтан бұл кәсіпкерлікке ерекше әсер етеді.
АЭС туралы айтылып жатқан көп пікірлерді сараптай келе, халықтық штабта өкіл ретінде жүрген уақытта біраз дүниеге көзім жетті. Бірқатар ғалымдармен кездестім. Осы уақытқа дейін ядролық физика саласындағы көптеген мамандарымыздың дайындалып және шет елдің станцияларында жұмыс істеп жүргенін естігенде өз басым таңқалдым. Осы ақпараттардың дені ел ішіне жан-жақты жетпей жатады. Бірақ осыны түсінген кезде мандатыма байланысты емес, азамат ретіндегі көзқарасым өзгерді. Әрине, бастапқыда барлығымызда әртүрлі күмәндардың болғаны анық. Сондықтан қазіргі уақытта АЭС-тің бізге керек екеніне сенімдімін, — деп түсіндірді мәжілісмен.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан жыл сайын 100 млрд теңгені энергия сатып алуға жұмсап отыр. Бұл біз үшін өте үлкен шығын және тәуелділікті көрсетеді.
АЭС салынбаса болашақ ұрпақ электр қуат көзінен тапшылық көруі әбден мүмкін. Балама энергия көздері және басқа да мәселелерді алып қарасақ, бұл біздің климатқа, басқа да ерекшеліктерімізбен салыстырғанда толық қажеттілікті өтемейді екен. Қазақстан уранды әлемде ең көп өндіретін ел бола отырып, шетелге энергиясын сатып, шикізатын қайта сатып алып отыруымыз ақылға қонымсыз дүние. сондықтан АЭС-ті біз бүгін салмасақ қазіргі 3 пайыздық тапшылық, болашақта 5 пайызға артуы мүмкін. Сондықтан энергия сатып алуға кетіп жатқан 100 млрд теңге еселеп өсуі мүмкін. Бұндай болашақты кейінгі буынға қалдыру орынсыз болады деп ойлаймын, — деді Жарқынбек Амантайұлы.
Мәжілісмен әлемдегі экономиканың көшбасшысы болып отырған Қытай мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне мысал келтірді. Сөзінше, аталған елдер энергия көзін артараптандырған. Қытайдың өзінде желді де, күнді де және АЭС-ті де пайдаланып отыр.
Қателеспесем, Қытай 50-ден астам АЭС салып тастаған. Бүгінде 20-дан астамы салынып жатыр. Бұл мемлекетте өндіріс қуаты да жыл санап артуда. Әсіресе, соңғы уақытта Қытай кәсіпкерлерімен бірлесіп жұмыс істей бастаған уақытта елдің қаншалықты жоғары өнім өндіретінін көрдік. Оның барлығы жеткілікті энергияның арқасында екеніне көз жеткізуге болады. Сонымен қатар біздің бір облыстың аумағындай ғана болатын Оңтүстік Кореяның бүгінгі өркениетінің мысалы бізге жеткілікті деп ойлаймын. Алақандай мемлекетте 26 АЭС-тің жұмыс істеп тұруы бұл көп нәрседен хабар береді. Яғни өркениетке ұмтыламын десең, соған сай күш-қуатын, энергияң болуы керек. Қазіргі уақытта бізде энергия тапшы екен деп 90-шы жылдардағыдай шам жағып отырмаймыз ғой, керісінше, электр қуатының жанданғанын, артқанын талап етеміз. Сондықтан талабымызға, қажеттілігімізге сай энергия көзі, яғни АЭС керек деп есептеймін, — деді мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, 6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум өтеді.