Елімізде жыл сайын қазан айының екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдар күні ретінде белгіленген. Бүгін Түркістан қаласында әлеуметтік қорғау саласы бойынша мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысты. Мәжіліске салаға жауапты департамент және басқарма басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жетекшілері, мүгедектер ісі жөніндегі облыс, аудан және қала әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктер төрағалары шақырылды.
— Мүгедектігі бар жандар – қайсарлықтың үлгісі. Олардың өмірге деген талпынысы, табандылығы, құштарлығы, қиындықтарды еңсеруі жүрегімізге сенім ұялатады. Ешбір сынақ адам бойындағы күш-жігерді жеңе алмайды. Біз барлығымыз бір қоғамның мүшесіміз және әрқайсымыздың құқығымыз тең. Инклюзивті қоғам құру және қолдау көрсету маңызды. Себебі олардың арасында білімді азаматтар, табысты кәсіпкерлер, шығармашылыққа жақын өнер иелері, спортшылар, инновациялық жобалардың авторлары, қоғам қайраткерлері, түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалар бар. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Түркістан өңірінде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсартуда тиісті шаралар ұйымдастырылып келеді. Білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, оңалту қызметтері, саяси және қоғамдық өмірге қатысуына мүмкіндіктер қарастырылған. Сіздерді маңызы ерекше күнмен құттықтаймын! Бүгін жүргізіліп жатқан істер мен жоспарларды саралауға жиналдық. Сұрақтарыңызға құлақ түріп, ұсыныстарды бірге талқылайық — деді Бейсен Дәулетұлы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Түркістан өңірінде 100 мыңға жуық мүгедектігі бар тұрғын болса, оның 15 мыңдайы 18 жасқа дейінгі балалар. Облыс көлемінде әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссиямен оңалтудың техникалық құралдарын тіркеу бойынша 22 мыңнан астам өтінім қаралып, 49% өтінім порталға тіркеуге жіберілген. Қазіргі таңда 80 пайызға жуығы қамтамасыз етілді. Оның ішінде санаторийлік-курорттық емдеу қызметін 12 мыңға жуық адам қол жеткізді. Жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 300-ден аса мүгедектігі бар адамға қайтарымсыз грант берілді. Ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдарға арналған 50 әлеуметтік такси қызметтері көрсетілуде. Инватаксилер жүріп-тұруы қиын, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарды тасылмалдау үшін олардың мініп-түсуіне арналған арнайы құрылғылармен жабдықталған. «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімдеуден өтті. Сонымен қатар партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалі ұйымдастырылды. Жұмысқа орналастырудан бастап, құқықтық, қаржылық, психологиялық тағы да басқа кеңес беру мақсатында «TEN QOGAM» орталықтары облысымыздың 15 аудан, қаласында ашылып азаматтарға қызметтер ұсынуда. Орталықта түрлі тренингтер, семинарлар, экскурсиялар ұйымдастырылады. Жуырда Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде 200 орындық «Самғау» оңалту орталығы ашылуы жоспарлануда.
Сұрақ-жауап бөлімінде мүгедектер арбасымен қамту, инватаксиді көбейту, қолжетімді орта құруға назар аудару жайы қозғалды. Жиын марапаттаумен қорытындыланды. Республика күні қарсаңында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген 20-ға жуық азамат облыс әкімінінің грамотасы, «Amanat» партиясының Алғыс хаты, облыс мәслихатының грамотасына ие болды. Қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қор төрағалары Дүйсенәлі Жүсіпов, Шалтан Еркінбай, Дастан Орынбасаров «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.