Қазақстандық мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылуда. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мектептердің 88%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған.
Биыл алғаш рет психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді. Сондай-ақ, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін қолдау көрсету кабинеттері мен жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді. «Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде 60 мың бала қажетті психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл әрбір баланың сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін жасалған маңызды қадам», — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.
Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектептердің басты міндеті — әр балаға жеке қолдау көрсете отырып, бірегей қабілеттерін дамытуға және әлеуметтік сын-тегеуріндерге төзімділік танытуға көмектесу болып табылады.
Айта кетейік, биыл жыл басында Түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда Лессон стади әдісі, АҚШ-та инклюзивті білім беру, Қытайда техникалық және кәсіптік оқыту бағыттары бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтуде. Әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне қадам басты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы республикалық педагогтер съезінде білім беру үдерісін жедел түрде цифрландыру керектігін тапсырған болатын. Бұл бағытта да ұстаздар қауымын үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны белгілі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да білім саласына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып, атқарылуы тиіс нақты бағыттарды айқындап берді. Еліміздегі кадрлық әлеуетті арттыруда жоғары оқу орындарынан бұрын орта білім беру жүйесінің маңызы айрықша. Сондықтан заманауи үлгідегі мектептермен қамту, күрделі жөндеуді қажет ететін білім ұяларын ретке келтіру, демеушілер тарту, қаржыландыру көздерін анықтауды Үкіметке және әкімдерге тапсырды. Мектептерді жаңартуға 3 жыл уақыт берді.
Сондай-ақ, ата-аналарға әлеуметтік бағдарламаларға қаралған қаржы туралы ақпараттар шынайы болуы үшін жекеменшік мектептерде әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражаттың ашық көрсетілуі керектігін ескертті. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне ата-аналар да жауапты саналады. Бұл бағытта да әр балаға бөлінетін қаражат отбасы табысымен өлшенуі керек. Яғни сонда ғана шын мұқтаж отбасылар мемлекеттік қолдаудың игілігін көре алады. Жолдауда Президент «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты» деген қанатты сөз айтты. Қанша білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында үздік оқу бағдарламасымен талпынып жұмыс істегенімізбен, заман талабына сай мектептер салғанымызбен, озық басқару жүйесін қолданғанымызбен мұғалім білікті болмаса бәрі бекер деген пікірін жеткізді. Сол себепті ұстаздардың біліктілігін арттыра отыра, әлеуметтік мәртебесін көтеруге мән берілмек. Педагогикалық жоғары оқу орындарына қабілетті жастарды қабылдауға назар аударылуы қажеттігі айтылды. Маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты көбейту, инновацияға басымдық беру, колледжде жақсы оқыған түлектерді мемлекеттік қызметке жұмысқа тарту – еліміздегі білікті кадр тапшылығы проблемасын шешеді.
Облыстың білім беру жүйесін жүйелі жолға қою, білім сапасын күшейтіп, балалардың интеллектуалдық ойлау қабілетін арттыру бағытында жұмыс жүргізу өңір педагогтерінің қастерлі міндеті.