Мектеп – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мекеме, білім беру жүйесінің негізгі буыны. Тәрбие мен білім егіз ұғым. Мектептің басты нысаны – балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Арыс жалпы білім беретін мектептің 2023 – 2024 оқу жылының екінші жартыжылдығына жоспарланған іс – шаралар өз уақытында өткізіліп отырды. Бұл іс – шаралардың мақсаты білім алушыларды өмірге бейімдеу, білім алуымен қатар қоғамдық істерге тарту, белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Әрбір өткізілген іс – шара мектеп ұжымымен бірлескен және жоспарлы түрде өтіп отырды.
Қазіргі кезде әлемді алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі – түрлі діни ағымдардың белең алуы. Осы орайда мектебімізде оқушылардың діни сауаттылығын қалыптастыруда ай сайын экстремизмнің тарихы, мәні және орын алу себептерін түсіндіру мақсатында кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырды. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру мақсатында, қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелейтін «Құқық бұзушылықтың алдын алу», «Өз өзіне қол жұмсаудың алдын алу», «Нашақорлықтың алдын алу» жиындары, оқушыларды экономикалық мәдениетпен, қоғамның экономикалық даму заңдылықтарымен таныстыру, іскерлікке, қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу, еңбек ете білуге, өзінің және өзгелердің рухани материалдық құндылықтарымен қамтамасыз ететін, өз елінің патриот азаматы болуға баулитын «Қаржылық сауаттылыққа» байланысты «дөңгелек үстел», кездесулер өтті. Өскелең ұрпаққа адалдық және парасаттылық құндылықтарын, сыбайлас жемқорлықтың теріс салдарларын, олардың алдын алу бойынша еліміздің жеткен жетістіктерін кеңінен түсіндіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды алға қойған «Адалдық сағаты» өткізіліп отырды. «Оқуға құштар» жобасы бойынша «Кітап оқитын адам – табысты адам», «Мен оқыған ертегі», «Каникулда кітап оқимыз», «Біз оқыған бір кітап» сияқты ауқымды тақырыптармен сайыстар, «дөңгелек үстел» өтті. Төтенше жағдайларды алдын алу, төтенше жағдай кезінде оқушылардың сауатты іс – әрекеттері мен өзін – өзі дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыратын сынып сағаттары мен оқу – жаттығу жиындары дер кезінде өткізіліп отырды. «Тазалық біз үшін басты құндылық», «Тазалық біз бен Сізден басталады» деген ұранмен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбіліктер жүргізіліп отырды. Қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған бұл жұмыстар қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастырады.
Қарап отырсақ, біз соңғы 10 жылда біз оқуға баса назар аудардық. Білім бәйгелерінде ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Ал, есесіне тәрбиені ақсатып алдық. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталатын бағдарлама. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында былай деген болатын: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс.
Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.
Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет».
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ұрпақ тәрбиесінде Абайдың «Толық адам» іліміне жүгіну керектігін де жеткізді. Расында егер адамдардың барлығының бойында нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек болса, қоғамымызда әділдік пен адалдық орнайды. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына орай Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірлеп шыққан болатын. Қазір біз мектебімізде аталмыш бағдарлама аясында жоғарыда аталғандардан да басқа балалардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруге арналған іс-шараларды көптеп ұйымдастырудамыз.
Сонымен қатар, заманауи білім берудегі «LESSON STUDY» педагогикалық тәсілі бойынша ДОЖЖО Асирова Мирамкул Мәуленқызының бастауымен зерттеу сабақтары ұйымдастырылып, мектебімізде мектепішілік, қалалық, облыстық деңгейде ұстаздарымыз зерттеу сабақтарын өткізді. Бұл зерттеу сабақтары арнайы таңдалған сыныптарда өтіліп, сабақтар барысы, сабақ беретін мұғалімдердің сабақ беру деңгейі, сабақты оқытуы, оқушылардың оқуы бақылауға алынып, зерттеліп, білім сапаны арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірімізде ұстаздардың біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлініп отыр. Үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда. Тағы ерекше бір айта кетерлік жаңалық, республикада бірінші болып облысымыздың 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқыту басталды. Тың бастамаға Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті де өз үлесін қосуда.
Түркістан облысында 62 мыңнан астам педагог еңбек етеді екен. Оның 60 пайызы оқуды сырттай бітірсе, 70 пайызы профильді емес жекеменшік оқу орындарында білім алған. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда медицина мен педагогика мамандықтары бойынша сырттай оқытуға да, қашықтан оқытуға да тыйым салынған. Бұл – әлемдік тенденция. Біздің еліміз де осы үрдіске көшті. Бүгінде Түркістан облысы әкімдігі мен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Соның нәтижесінде әртүрлі пәндерден сабақ беретін 150 маманды біздің университетте қайта даярлау курсынан өткізу жоспарланды.
Мектебімізде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба жұмыстары 4 бағыт 16 секция бойынша жүргізіледі. Әр бірлестік бойынша оқушылардың ғылыми отырысы өтіп отырды. Оқушылар өзекті, қызықты жобаларды қорғады. Нәтижесінде, «Зерде» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде 6 «А» сынып оқушысы Ибраш Арайлым Сейдуллақызы информатика пәнінен ІІ орын, Қойшыбай Айару ІІІ орын иеленді. Арыс қалалық білім бөлімінің Дипломымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде біздің мектеп оқушылары жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иеленді. 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде жүлделі І орынды физика пәнінен мектебіміздің оқушысы Оңғар Нұрай иеленді. 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық жалпы пәндер олимпиадасының қалалық кезеңінде Адилханқызы Гүлназым физика пәнінен жүлделі ІІ орын алды. 3-4 сынып пән олимпиада Арыс қалалық білім бөлімінің Дипломымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 3-4 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде жүлделі орындар иеленді.
Биылғы жаңа 2024 – 2025 оқу жылын мектебіміз барлығы 34 сынып комплектісімен, 786 оқушымен бастады. 79 педагог қызмет атқарады. Кезекті оқу жылының ойдағыдай өтуі, оның өн бойында жақсы жетістіктер мен нақты нәтижелердің көрініс беруі оған дайындықтан бастау алады. Сондықтан да жаңа оқу жылында мектебіміздің білім сапасы мен тәрбие саласының жандануына мектеп ұжымы жұмыла кірісіп, жақсы жетістіктерге жететініне сенімдімін.
Сөз соңынде мектептің тәрбие мен білімнің ұштасқан қастерлі міндеті екенін айтқым келеді. Осы ұғымның беделін түсірмеу әрбір педагогке парыз. Осыны ұмытпағанымыз жөн.
Ералы КУШКАРБЕКОВ,
Арыс жалпы білім беретін мектептің директоры.
Арыс қаласы.