Ордабасы ауданы, Көктөбе ауылы, Н.Нысанбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Абылаева Жанар Мәлікқызы мамандығы мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген ұстаз. Оның жеткен жетістіктері ауыз толтыра айтуға тұрарлық. Кәсіподақ мүшесі Жанар Мәлікқызы ұжымда еңбек тәртібін орнатуға, қызметкерлердің өз міндеттерін орындауына, өзіне міндеттелген істерге жауапкершілікпен қарауына көмектеседі. Мектепте дау-дамай комиссиясының мүшесі болған кездерінде еңбек дауларын болдырмауды заңды негізде қадағалауға атсалысты. Кәсіподақтың мүшесі ретінде жұмыс барысындағы келеңсіз оқиғалардың алдын алуға да септігі мол. Сондықтан ұжымның әлеуметтік-психологиялық ахуалын қалыптастырып одан әрі дамытуға кәсіподақ ұйымының тиімді жұмыс жасауына үлес қосып келеді.
Жанар Мәлікқызы 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университеті филология факультетінің қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша сырттай оқуға қабылданады. Өзінің ұстаздық жолын 1991 жылы Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда «Балауса» балалар бақшасының жоғары тобына тәрбиеші болып бастайды. 1992 жылы сол жердегі Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектепке мұғалім болып ауысады. Аталған жерде 1 жыл бастауыш сыныпқа сабақ береді. 1993 жылы Ордабасы ауданы Көктөбе ауылындағы Н.Нысанбайұлы атындағы жалпы орта мектебіне қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады. Түрлі біліктілікті көтеру курстарына барып, өз білімін шыңдап жүреді. Білімі-жоғары. Санаты: Педагог-зерттеуші.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім 31 жыл педагогика саласында қызмет атқарып келе жатқан, білікті маман. «Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп ақын Абай айтқандай, өмірден өз жолдарын табуға бағыт-бағдар беріп, шәкірт ықыласына бөленген ұстаз аталмыш мектепте 1993 жылдан бері бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі.
Негізгі мамандығы мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген Жанар Мәлікқызының жеткен жетістіктері көп. Атап айтар болсақ, ол 2007 жылы оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру жұмыстарында мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін мектептің Мадақтама қағазымен марапатталған. 2008 жылы мектепішілік өткен «Тәжірибелі ұстаздан–тәрбиелі шәкірт» атты «Жыл сынып жетекшісі-2008» байқауында «Жаңашыл сынып жетекшісі» номинациясымен марапатталған. 2009 жылы Халықаралық әйелдер мерекесіне байланысты волейболдан өткен жарыста 1 орынды жеңіп алып, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының дипломымен марапатталған. 2009-2010 оқу жылында ҰБТ-те қазақ тілі пәнінен шәкірттерінің жақсы нәтижеге қол жеткізгені үшін мектеп директорының арнайы мадақтама қағазымен марапатталған. Сонымен қатар, 2010 жылы Ұлы жеңіске 65 жыл толуына байланысты аудандық шығарма байқауында оқушысы Идия Аяужан 1 орын алып, жүлделі сыйлыққа ие болды.
2010 жылы білімді де білікті шәкірт тәрбиелеуде, мектепте атқарылған қоғамдық жұмыстарда белсене көзге түскені үшін бастауыш кәсіподақ ұйымының мадақтама қағазымен, 2010-2011 оқу жылында оқу-тәрбие жұмысында белсенділік танытқаны үшін мектеп директорының мадақтама қағазымен, 2012 жылы «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Ордабасы аудандық филиалының Саяси Кеңесі партиясының жұмысына қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. 2012-2013 оқу жылында оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру жұмыстарында мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін мектептің мадақтама қағазымен
2014 жылы аудандық педагогикалық оқуда құнды баяндама жасағаны үшін аудандық білім бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
2014-2015 оқу жылында оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру жұмыстарында мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін мектеп директорының Алғыс хатымен, 2015 жылы мекемелер арасында волейболдан өткен жарысқа белсенді қатысып, жақсы ойын өрнегін көрсеткені үшін аудандық спорт бөлімі басшысының Дипломымен марапатталды. 2015-2016 оқу жылында білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында көшбасшылық танытып, жаңа технологиялар мен озық идеяларды пайдаланып, біліктілік пен шығармашылық танытқаны үшін аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы» тапсырылды.
2018 жылы «Қабылданған дұрыс шешімдерім–менің өмірлік ұстанымым» тақырыбындағы облыстық эссе байқауында оқушысы Асанхан Нағима 1 дәрежелі дипломмен марапатталды. 2018 жылы «Ұлы жеңістің 73 жылдығы» тақырыбында өткен облыстық шығарма байқауына қатысқан оқушысы Ордабек Айбат «Көркем сөздің шебері» номинациясын иеленді. Тізбектей берсек, Жанар Мәлікқызының жеткен жетістіктері өте көп. Жақында ғана ол «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналының Алғыс хатын және сертификатын иеленді.
«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы Республика көлемінде таралды. Республикалық «Жас ғалым» журналының, «Жас ғалым» ғылыми жоба жарысында 5-сынып оқушысы Лесбек Диас І дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Ұрпақ тәрбиесі ұлттың тағдыры, елдің болашағы, халықтың келешегі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек» деген сөзі бала тәрбиесімен айналысып, білім нәрімен сусындатуды басты ұстаным етіп ұстаған ұстаз Абылаева Жанар Мәлікқызының Қазақстан мемлекетінің өсіп-өркендеп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне қосар салмақты үлесі бар деп сенеміз. Ол отбасында 3 ұл,1 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана, аяулы жар.