Кентау қаласының мақтанышы, ұлттық мәдениетіміздің інжу-маржаны «Қаратау тәжі» ұлт-аспаптар ансамблінің мүшелері дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
2020 жылы құрылған өнер ұжымы қазіргі таңда қаладағы көптеген іс-шараларға белсене атсалысып келеді. Құрамында республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары, жоғары санатты мамандар қызмет атқаруда. Ансамблдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Сырман Ердаулет Төлегенұлы.
«Қаратау тәжі» ұлт-аспаптар ансамблі құрамында қобыз, прима қобыз, прима домбыра, домбыра, дауылпаз, саз сырнай, виолончель, баян аспаптары бар. Сондай-ақ, репертуарлары халық композиторларының, Құрманғазының “Сарыарқа”, «Серпер», “Адай”; “Қос алқа”; Динаның “Әсем қоңыр”, “Той бастар”; Тәттімбеттің “Сары жайлау”, “Сылқылдақ” және халық әндерін орындауда. Бүгінде ұлт-аспаптар ансамблі қазақ композиторларының туындыларын халық арасында кеңінен насихаттауда.
Референдум учаскесіне ән айтып келген өнер ұжымы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.