Түркістан облысында 1 279 мемлекеттік білім нысаны бар. Оның 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1 216-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Аталған білім нысандарының 100%-ы сығымдау жұмыстарынан өткізіліп, 1157-сінде жылу маусымына дайындық паспорты алынды. Ал, қалған 122 нысанға осы апта ішінде алынады деп жоспарлануда. Жылыту маусымына дайындық мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста кеңінен талқыланды.
– Барлық білім нысаны жылыту маусымына толық дайын болуы керек. Балалардың қауіпсіздігі мен білім алуы – басты мәселе. Кемшілік жіберілген аудан, қалалардағы білім бөлімі басшыларының жауапкершілігі қатаң қаралады. Алдағы аппарат мәжілісінде аудан, қала әкімдері мен білім саласына жауапты басшылар тағы да есеп береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, облыстағы 450 білім мекемесіне қажетті 82544,5 тонна қатты отын, 42 білім мекемесіне қажетті 2 399,2 тонна сұйық отын жеткізуші мердігер анықталып, жоспарға сәйкес қажетті отын көлемі қойма сыйымдылығына қарай толығымен тасымалданды. 720 білім беру нысаны табиғи газ арқылы, 4 білім беру мекемесі электр энергиясы арқылы жылытылады. Облыстағы 107 білім беру мекемелерінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде, оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд. теңге қаралған. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, 30-ға жуық білім беру ұйымының жылу жүйелері жаңартылды. Өңірдегі 6 аудан, қалада жылу беру маусымы 15 қазаннан басталды.