Қазығұр ауданы Сарапхана елді мекенінде орналасқан М.Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі Оразбаев Мұхтаржан жәй ұстаз ғана емес. Өзінің пәнін кәсібімен ұштастыра білген ұстаз. Сондықтан, көпшілік оны ұстаз ғана емес кәсіпкер ретінде де жақсы таниды.
Толығырақ айта кетейік, Оразбаев Мұхтаржан М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде мұғалім мамандығы бойынша оқып, еңбек жолын 2013-2015 жылдары Мақтаарал ауданы Жамбыл ауыл округінің әкім аппаратында маман болып бастады. 2019 жылдан бері М.Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте физика пәні мұғалімі болып жұмыс істеп келеді.
Сонымен қатар, ұстаз Оразбаев Мұхтаржан 2020 жылдан бері шлакоблок дайындау ісімен айналыса бастады. Оның айтуынша, шлакоблок дайындайтын құрылғы жартылай автоматтандырылған. Бұл жерде шикі затты дайындау, шлакоблок дайындау құрылғысы қолдан құрастырылған.
— 2021 жылы Фундамент дайындауға арналған құрылғы шығарылды.
Бұрама шұрып өндіру кезінде шұрыптың қуаттылығын артыру мақсатында пеш дайындалды. Шұрыптың тауарлық сұлулығын келтіру мақсатында сыртқы қабатын бояуға арналған құрылғы 2022 жылы шығарылды.
Сондай-ақ, шлакоблоктарының өзі құрылыс блоктарының ерекше түрі болып табылады. Негізі ретінде бетон қолданылады.Сонымен қатар, ерітіндіге әртүрлі қоспалар араластырылады –дейді Оразбаев Мұхтаржан.
Жалпы соңғы уақытта өңірімізде физика пәнінің мұғалімдері жақсы нәтижелерге жетіп келеді. Айталық, биыл жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде «KitapХАН» кітап оқыту әдісінің жылдық қорытындысы өткен болатын. Облыс бойынша кітап оқу сайысына 1000 мектептен 80 мың мұғалім, 500 мың оқушы қатысып, соның ішінде ақтық мәреге 21 үміткер жолдама алған-ды. Финалдық кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, қоғамда кітап оқудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, өздері оқыған кітабын 7 минутта қорғап, нәтижесін баяндап берді.
Нәтижесінде, директорлар арасындағы байқауда Төлеби ауданындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің директоры Ләззат Сандыбаева жеңімпаз атанса, ұстаздар арасынан Арыс қаласындағы «Жиделі» жалпы орта мектебінің физика пәні мұғалімі Нұрсұлу Алышева үздік шықты.