25 қазан – Республика күні мерекесінде Түркістан қаласында жалпы білім беретін 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. №35 мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.
– Алдымен баршаңызды Республика күні мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі биік, мемлекетіміздің абыройы асқақ болсын! Бүгін осы мереке құрметіне Түркістан қаласында жаңа мектеп ашылуда. Тұрғындардың өтініштері орындалып, өзекті мәселе шешімін тапты. Енді осында білім алатын балаларымыз елдің мықты азаматтарына айналып, мемлекетті дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан осы аумақтағы оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқыған болатын. Енді ол мәселе шешімін тапты. Облыс орталығындағы білім ұясының құрылысы 2023 жылы басталып, биыл аяқталды. Жаңа мектепке аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауысады деп күтілуде. Сонымен қатар ата-аналар көрші ауылдардағы балаларын да осы мектепке оқытуға ниетті. Мөлтек ауданданың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар.
Оқушыларға есігі айқара ашылған жаңа №35 жалпы орта мектебі оқу кабинеттері мен құралдарымен қамтылған. Білім алуға толық жағдай жасалған.
Түркістан қаласында 4 мектептің құрылысы жүргізілді. Осыған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жоба аясында салынып жатқан тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 1055 болса, ондағы оқушылар саны 519 мыңнан асты. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.