«Орхун» бағдарламасы – Түркі елдері университеттері одағына мүше университеттер арасында студенттер мен оқытушылардың алмасуын көздейтін халықаралық академиялық бағдарлама. Бұл бағдарлама түркі елдерінің білім беру жүйелерін жақындастырып, жоғары оқу орындарының сапасын көтеруді және олардың халықаралық стандарттарға сәйкес болуын қамтамасыз етеді.
Oрхун білім алмасу бағдарламасы 2017 жылы бастау алған болатын. Бағдарлама іске қосылған алғашқы жылдары барлық мүше университеттерден студенттер мен оқытушылар белсенді қатысты.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасының басты мақсаты – қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оның сапасын жақсарту. Осы бағдарламаның арқасында студенттер мен оқытушылар шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыми зерттеулер жүргізе алады. Бағдарлама, әдетте, шектеулі мерзімге – бір семестр немесе бір оқу жылына арналған.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бірнеше академиялық алмасу бағдарламалары жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Орхун», «Мевлан», Erasmus+, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттары, екіжақты келісімшарттар және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламалары.
«Oрхун» бағдарламасы үш негізгі бағытта жүзеге асырылады. Яғни, нақтыласақ, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердегі жоғары оқу орындарының білім саласын біріктіру мақсатында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, студенттер мен оқытушылардың академиялық және еңбек ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұндағы мақсат мүше елдердегі мәдени құндылықтармен танысу және ортақ мәдени сананы дамыту. Бұл бағдарлама түркі елдері ұйымының білім беру жүйесін жақсартып, елдер арасындағы интеллектуалдық байланыстарды нығайту көзделеді. Алғаш рет 2018-2019 оқу жылында 66 адам, ал 2019-2020 оқу жылында 64 адам осы бағдарламаның қатысушысы болды. Екі жыл ішінде бағдарлама арқылы 130 адам білім алып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды.
Алайда, пандемия басталуына байланысты 2020 жылы бағдарлама уақытша тоқтатылды. 2021 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен Түрік университеттері бірлестігінің IV Жалпы құрылтайында бағдарлама қайта жаңғыртылып, үйлестіру Манас атындағы Қырғыз-Түрік университетіне берілді. 2022 жылдың көктемгі семестрінде 318 студент пен оқытушы бағдарламаға өтініш берді, олардың 58 студенті мен 48 оқытушысы қатысуға мүмкіндік алды.
2022-2023 оқу жылының күзгі және көктемгі семестрлерінде 108 студент пен 61 оқытушы алмасуға қатысты. Қазіргі кезде бағдарламаға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және Түркиядан 110 университет мүшелік етеді.
Бағдарламаға қатысушыларға қандай талаптар қойылады? Енді соған тоқталайық. Орхун бағдарламасы бойынша студенттердің жалпы академиялық үлгерімі төрт баллдық жүйеде кемінде 2,5 болуы тиіс. Студент алмасу мерзімі бір семестрден екі семестрге дейін созылады. Бағдарлама шеңберінде жіберуші университет студенттің жол жүру шығындарын өтейді, ал қабылдаушы университет тұру және тамақтану шығындарын өз мойнына алады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетінде Oрхун бағдарламасының оң әсері байқалуда. Мысалы, 2022-2023 оқу жылының күзгі семестрінде университеттің журналистика мамандығынан алғаш рет Еге университетіне Журналистика мамандығы 4 курс студенті Сейтжаппар Уахит, көктемгі семесрінде Берекешева Ақерке, Тәжібай Назерке, Сәрсенәлі Жансая, Арысбекова Нұрай барып қайтты. «Орхун бағдарламасы арқылы Қазақстаннан Түркияға бір семестрге оқуға бару мен үшін өмірімдегі ең үлкен мүмкіндіктердің бірі болды. Бұл тек жаңа білім мен дағдылар алу ғана емес, сондай-ақ жаңа мәдениетті терең түсіну, адамдармен жақын араласу және жаңа ортаға бейімделу секілді маңызды тәжірибеге айналды» , дейді Уахит Сейтжаппар.
Халықаралық байланыстар департаменті «Орхун» бағдарламасының координаторы Төлеген Гүлшат Кәдірбекқызының сөзінше, университетімізге жыл сайын келетін және алмасатын студенттер мен оқытушылар саны артып келеді екен. Бұл бағдарлама университетіміздің беделін арттырып, халықаралық деңгейдегі танымалдығын көтеруге ықпал етуде. Бағдарламаның басты мақсаты тек қана білім беру саласындағы айырмашылықтарды азайту емес, сонымен қатар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық пен мәдени әріптестікті нығайту болып табылады.
Мына кестедегі көрсеткіштер «Орхун» бағдарламасының тиімділігін және оның мүше университеттер арасында білім беру мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды құрал екенін көрсетеді.
Қорытындыласақ, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізуде. Орхун бағдарламасы аясында жүргізілген алмасулар біздің университетіміздің халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, мәдениетаралық диалогты күшейтуге, сондай-ақ, студенттердің білім мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сонымен, Орхун бағдарламасы университетіміздің білім беру жүйесінің сапасын жақсартуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ, университетіміздің имиджін арттыруға елеулі үлес қосуда. Бұл бағдарламаның нәтижелері біздің университетімізді түркі әлемінде танымал оқу орнына айналдыруда зор маңызға ие.