Әлшері Айнұр Әкімханқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Айнұр Әкімханқызы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 1998 жылы бітірген. Түркістан облысы, Отырар ауданы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте 26 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз.
Биылғы оқу жылы Айнұр ұстаз үшін ерекше болды. Ұстаздар күні қарсаңында Ы.Алтынсарин төсбелгісін оның кеудесіне облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзі тағып, көпшілік алдында марапаттады. Биыл ғана педагог-шебер санатын қайта қорғап, қуанышқа кенелген Айнұрды соңғы кезде көп жылғы еңбегі еленіп, марапат өзі іздеп келіп жатқаны шаттандырып, шабыттандырды. Бұл әлбетте, ұстаздың педагогтік-шығармашылық жолындағы ерекше қуаныш пен шығармашылық шабыт сыйлаған маңызды кезең. Біз, Айнұр Әкімханқызын жеткен жетістіктерімен құтықтай отырып аз-кем сауалдарымызды қойған едік.
– Айнұр ханым, сіз 2018 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Жақсылар дастан айтайын» сайысының бас жүлдесін жеңіп алған екенсіз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– 2018 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Жақсылар дастан айтайын» сайысында бас жүлдеге ие болуым – менің шығармашылық жолымдағы маңызды кезең болды. Бұл жетістікке жету үшін тынбай еңбек ету мен ізденістің арқасы деп білемін.Біріншіден, шәкіртім әрі ұлым Олжас екеуміз 2017 жылғы сайысқа қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленген болатынбыз. 2018 жылы «Алпамыс жыры» көлемді жыр, екі ай уақыт бөлдік. Бір қызығы ұлым үйдің үлкені болған соң, кейінгі ұл-қыздарым түгел жаттап алды. 2018 жылы екі оқушы қатыстырып, бас жүлде мен екінші орынды қанжығаладық. Өзімнің шығармашылығымды дамыту үшін түрлі әдебиеттерді оқып, көнерген сөздерін зерделедік. Екіншіден, сайысқа дайындық барысында өзімнің ерекше стилін қалыптастыруға тырыстым. Жұмыстарымда ұлттық құндылықтарды, халықтық дәстүрлерді үйлестіре отырып, қазақтың қара домбырасымен шықтық. Нәтижесінде, жүлде алу мен үшін үлкен қуаныш болды. Бұл жетістік мені одан әрі шабыттандырып, шығармашылығымды жалғастыруға ынталандырды. Себебі, ақпарат беттерінде және телеарналардан хабар таратып, ерекше ықылас бөлінді. Бүгін ерекше толғаныс үстінде болдым, себебі ұжымның әр бастаған ісі тыңғылықты әрі жауапкершілікке толы екеніне көз жеткіздім. Осы сайысты қайта қолға алып, қаншама оқушы мен мұғалімге сенім ұялататынына қуандым.
– Қазіргі кезде мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда қандай мәселелер бар? Жалпы білім беретін мектептерде әдебиет пәнінің сағаты қысқарып кеткен деген рас па?
– Оқу бағдарламасы бойынша негізгі және төмендетілген үлгілік жоспар бойынша сағат жүктемесі іске асырылады. Біздің мектеп негізгі үлгілік оқу жоспары бойынша сағат жүктемесі бөлінген. Қаазақ тілі мен әдебиеті бойынша сағаттар қысқартылмаған. Сағат санының қысқаруы, төмендетілген үлгілік оқу жоспары бойынша іске асырылады. Бұл көбінесе оқу бағдарламасындағы өзгерістермен және басқа пәндерге көп көңіл бөлінумен байланысты. Нәтижесінде, оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін.
Қазіргі кезде мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда оқулықтардың сапасы да көңіл көншітпей отырғаны баршамызға аян. Оқулықтардың мазмұны мен сапасы да маңызды мәселе. Кейбір оқулықтар заман талабына сай емес немесе қызықты емес болуы мүмкін, бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын төмендетеді.
Әдебиеттің тәрбиелік, мәдени және рухани маңызын түсіну мен бағалауда кейбір қиындықтар бар. Оқушылар тек ақпарат алу үшін емес, әдебиеттің тереңдігін түсіну үшін оқу керек. Бұл мәселелерді шешу үшін мектептерде қазақ тілі мен әдебиетіне ерекше назар аудару, оқулықтарды жаңарту, оқытушыларды даярлау және оқушыларды әдебиетке қызықтыру бойынша шаралар қабылдау қажет.
– Әдебиет пәні ҰБТ-ға саналмайтындықтан тасада қалып жатыр ма, жалпы көркем әдебиетті оқытуды бала жастан, мектептен дағдыландырмасақ болашағымыз қалай болмақ? Балалар кітап оқи ма, жалпы?
– Әдебиет пәнінің ҰБТ-ға енгізілмеуі оны мектеп бағдарламасында екінші кезектегі пән ретінде көрсетуі мүмкін. Бұл, әрине, көркем әдебиетті оқытудың маңыздылығын төмендетеді. Егер балалар әдебиетті мектепте оқымаса, олардың шығармашылық ойлау қабілеті, тіл байлығы мен мәдениетке деген қызығушылығы да төмендейді. Көркем әдебиет балалардың дүниетанымын кеңейтеді, эмоциялық интеллектін дамытады және моральдық құндылықтарды қалыптастырады. Сондықтан мектеп жасынан бастап әдебиетті оқыту өте маңызды. Егер балалар кітап оқымаса, олар ақпаратты тек беттік деңгейде қабылдайды, терең түсінуге және сыни ойлауға қабілетсіз болады.
Қазіргі таңда балалардың кітап оқу әдеті әр түрлі факторларға байланысты. Цифрлық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілер мен ойындардың көптігі балалардың кітапқа деген қызығушылығын азайтуы мүмкін. Алайда, бұл мәселені шешу үшін ата-аналар мен мұғалімдер бірлесе отырып, балаларды кітап оқуға тарту жолдарын іздеуі керек. Егер біз балаларымызды кітап оқуға ынталандырмасақ, болашақта олар мәдениеттен, тілден және шығармашылықтан алыстап кетуі мүмкін. Сондықтан көркем әдебиеттің рөлін арттыру – бүгінгі күннің талабы.
Әдебиеттің мазмұнын меңгерту, ондағы негізгі оқиғаларды ретімен баяндауды талап ету – есте сақтауы мен тіл дамытудың құралы.
– Балалар кітап оқи ма, жалпы?
– Мен де осы сұрақ арқылы сізге сауал қойғым келеді. Сіздің өзіңіздің ұл-қызыңыз кітап оқи ма? Қазіргі таңда кітап оқитын бала жоқ деп те айтуға болмайды. Алайда балалардың барлығы заман ағымына ілесіп, ақпаратқа көп көңіл бөліп кеткен. Ақпараттық технолгиялардың қарқын алуы белең алды. Бала да, басқа да телефонға тәуелді олған заман. Ата-аналар бұған да көңіл бөлмейді, мән бермейді. Бірінші сыныптан телефон ұстап отырған бала кітап оқиды ма екен, қалай ойлайсыз? Қоғамда дабыл көтеретін ең өзекті мәселенің бірі осы.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Кітап оқитын ұрпақ» бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Осы бағдарлама жер-жерде, ел арасында жүзеге асып жатыр ма?
-Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұрпақ» бағдарламасы елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастама. Бұл бағдарлама аясында мектептерде, кітапханаларда және мәдени орталықтарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жер-жерде кітап оқу акциялары, әдеби кештер, кітап жәрмеңкелері мен конкурстар өткізіліп, жастарды кітап оқуға тарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, мектептерде әдебиет пәнінің маңыздылығын арттыру, оқушыларды белсенді түрде кітап оқуға ынталандыру шаралары қолға алынуда. Алайда, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін ата-аналардың, мұғалімдердің және қоғамның белсенділігі де маңызды. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін әрбір азаматтың үлесі қажет. Егер бұл бағдарлама кең көлемде жүзеге асырылып, тұрақты түрде қолдау тапса, елімізде кітап оқитын ұрпақ қалыптасуына ықпал етеді.
– Сізді ұстаз ретінде не нәрсе мазалайды, ойландырады?
— Ұстаз ретінде мені бірнеше мәселе мазалайды: Біріншіден, оқушылардың мотивациясын, ынта-ықыласын көтеру керек. Көптеген оқушылар кітап оқуға және білім алуға ынтасыз. Олардың қызығушылығын қалай арттыруға болатыны туралы ойланамын.
Екіншіден, қазіргі кездегі күннен – күнге қарқынды өсіп бара жатқан технологияның әсері. Заманауи технологиялар мен гаджеттердің балалардың оқу процесіне әсер етуі қатты мазалайды. Технолгияларды қалай тиімді пайдаланып, білімді толыққанды қалай жетілдіру керек деген ой маза бермейді. Бала газеттен гөрі, гаджетпен көбірек дос болып тұр. Бірақ солай екен деп, кері шегіне алмаймыз ғой. Жаңа технолгияның да тиімді тұсын пайдаланып, баланы білімге құлшындыру керек. Оңтайлы жолын табуымыз керек деп ойланамын. Әр оқушының өзіндік ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, білім берудің әдістерін қалай жетілдіруге болатынын ойлаймын. Білім саласында қордаланған мәселелер көп, алдағы уақытта тиімді бағдарламалар шығатын шығар деген үміт те бар.
— Ашық, шынайы әңгімеңізге көп рахмет. Талаптты шәкірттеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан Әтіргүл Тәшім