Қазіргідей қайшылыққа толы кезеңде қазақстандық қоғамға тән гендерлік саясаттың жаңа еуразиялық моделі қалыптасқанына бәріміз куәміз. Осыған сәйкес, Қазақстандағы гендерлік саясаттың өзіндік мақсаттары айқындалды.
Олар – әйелдер мен ерлердің күштік құрылымдарда теңгерімді қатысуына қол жеткізу, экономикалық тәуелсіздікке, жеке ісін дамыту мен қызметтік өсуде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасында өзіндік құқықтар мен міндеттерді тең дәрежеде жүзеге асыру үшін тиісті жағдай жасау, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады.
Жалпы гендерлік саясат дегеніміз — әйелдер мен ерлерге тең құқық беру арқылы мемлекетіміздің теңдік және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға деген ұмтылыс. Елімізде әйелдерге тең құқықтар мен мүмкіндіктер беру жолында белгілі бір прогрестерге қол жеткізілді. Мысалы, Қазақстан «әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» негізгі халықаралық конвенциялардың бірін ратификациялады, ал 2009 жылы Үкімет «ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң қабылдады.
Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі. Ол адамдар мен азаматтардың отбасылық – тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қабылданған заң әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жолында шынайы құқықтық жағдай жасады.
Қорытындылай келе, гендерлік саясат дегеніміз ерлер мен әйелдердің тең құқығын құру, қолдау, қорғауға бағытталған шаралардың бірыңғай жүйесі болғандықтан, қазақстандық қоғамда тиімді гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін халыққа гендерлік құқықтар мен еріктерді оқытып, гендерлік білім мен гендерлік ақпаратпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет.
Ж.АЯПБЕРГЕНОВ
Кентау қалалық сотының жетекші маман