Бүгінгі күні де ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік жалғасын тауып келеді. Ықылымда әже-аналарымыздың киіз басып, текемет тоқуы, ұршық иіріп, жүн түтуі үлкен мейрамға бергісіз өтетін. Жаулықтының жасы мен жасамысы жиылып істеген істе мол мағына берер екенін ұғынып отырғандаймыз. Ал соңғы жылдары осы қазақтың ұлттық киімдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Ұлттық үлгідегі киімдердің құндылығын сол қалпында және бүгінгі заман талабына сай дайындап келе жатқан кентаулық тігіншінің бірі – Арайлым Сейтжанова.
Біздің кейіпкеріміз Мемлекеттен қайтарымсыз 1 380 000 теңге көлемінде грант ұтып алып, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында өз үйінен тігін шеберханасын ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Бүгін де ол мемлекеттік қолдаудың арқасында ұлттық киімдердің түр-түрін тігуді қолға алып, кәсібін жүргізіп отыр. Оның тігін шеберханасында ұлттық үлгідегі тарихи, заманауи ерлерге және қыз-келіншектерге арналған түрлі ұлттық киімдер тігеді.
Сонымен қатар, Арайлым Жақынбекқызы грант қаражатына сублимациялық принтер сатып алып, киімдердерге, ыдыстарға, заттарға сурет, логотип орнатып, өз кәсібін де жүргізуде. Тұтынушылар саны көбейгенше үйде тапсырыс қабылдап жатқан Арайлымның тігін мен тоқыма тоқуға қызығушылығы бала кезінен басталған.
Соңғы уақытта заман талабына орай, қағаздағы кескіннің сублимация арқылы киімдерге, фарфорлы ыдыстарға түсуі, яғни сублимациялық басып шығару трендке айналды. Сол трендттен қалыс қалмай, жаңашылдыққа тәнті болған Арайлым кескіндерді қолдана отырып, киім мен матаға дизайнды басып шығаруды да үйренген.
Арайлым информатика мұғалімі бойынша қызыл дипломы болса да, ол қазір тігіншілікті өзіне кәсіп етіп жүр. Компюьтерді шебер меңгерсе де, ата-бабасынан жалғасып келе жатқан тігіншілік кәсіппен айналысуға біржола бел байлаған.
Арайлым ес білгелі әжесі Ұлтуардың қасында отырып көрпеше көктеп, жіп иіріп, тоқыма тоқып көмектесіп жүрді. Алғаш рет Арайлым моншақ, тастар және бисермен кесте тігуді қызығушылықпен бастаған. Кейін сол еңбекқорлығы киім тігуге деген ынтасын арттырып 10 жылдан бері ұлттық киімдерді, оюлы жастық, көрпе, көршелерді тігумен айналысып келеді. Оның осы тастарға, ұлттың құндылығына деген қызығушылығы қазақы киімдерді пішуде үлкен пайдасы тиіп жатқандығын айтады. Халқымыз бұрын ұлттық киімдерді тек мерейлі тойларда, құттықтау, салтанатты мерекелік іс-шараларда ғана киіп не қонақтарға сыйға тартса, қазіргі таңда күнделікті киіп жүруге шапан, белдемше, камзол, кеудеше, кәжекей, жеңіл жейделерге сұраныс артқан. Арайлым аталған киімдерді киіп жүруге ыңғайлы етіп тігіп, кез-келген ортаға бара алатындай тұтынушының талғамына сай жасап береді. Түрлі тастармен оюлап тіккен дүниелері көздің жауын алады. Тігінші қыз ұзату мен жас келіндерге де тапсырыс алып, ерекше өрнектелген үлгіде қазақша нақышта киімдер тігіп береді. Сондай-ақ, нәзік жанды әйелдердің ақ жаулығына және қыздардың бас киіміне оюдан сурет салып, моншақ тастардан өрнек те салып тігеді.
— Әрбір қыз тігін тігуді ең алғаш анасынан үйренеді, сол секілді киім тігуді мен әжемнен үйрендім. Осы салаға келуіме оның септігі көп тиді. Бүгінде ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Сұраныс көбейген сайын әзірленетін киім үлгілерін қайталанбайтындай етіп дайындаймын. Жалпы, әр оюдың өз мағынасы болады. Қазір оюды жөнсіз пайдалана беретін болған. Бұл — мүлдем дұрыс емес. Әр оюдың өз орны, әр киімнің өз мағынасы бар. Және осы принципті өз туындыларыма да қолданамын. Сонымен қатар, соңғы кездері жас қыздар арасында киетін бас киіммен, әже-апаларымыздың ормалдарына бисер тастардан ою өрнектерін салып тігу сәнге айналды. Қазақтың ұлттық киімін ұлықтағанға не жетсін. Бисермен тігетін бір ормалға 1-2 күн уақытың кетеді. Себебі, ондағы әрбір тасты қолмен тігемін, — деді Арайлым Сейтжанова.
Біздің кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда қазір қыз ұзату тойларына қалыңдықтардың көпшілігі ұлттық киімімізді таңдайдв екен. Арайлым өзіне киім тіктіруге келген әрбір қалыңдыққа сәукеленің тарихын, оның маңыздылығын түсіндіруден жалықпайды.
— Сәукеле — қазақ халқының негізгі атрибуты. Сәукелесіз қалыңдықты көзге елестету мүмкін емес. Бұрын ата-бабаларымыз ұзатылып бара жатқан қыздың тегін, әлеуметтік жағдайын оның басындағы сәукелесіне қарап-ақ білген. Өйткені, әрбір рудың өз оюы осы сәукеледе бейнеленген. Қазір сәукелеге көп адамдар мән бермейді. Сондықтан маған келген қыздарға сәукеленің тек сәндік үшін емес екенін айтып, оның мәнін ұғындыруға тырысамын, — дейді тігінші.
Ісмер қазіргі жастардың тақия, қапетке және тағы басқа бұйымдарға қызығушылық танытқанына бек қуанышты. Бір айта кетерлігі, Аралаймның тігін машықтары машинкада емес, қолмен жасалады екен. Өйткені, қолмен тігілген дүние тігін машинасының жұмысына қарағанда нәзігірек, әрі шынайырақ көрінетінін тілге тиек етті шебер.
— Елімізде этностильдегі киімдеріміздің дамуына өзіміздің үлесімізді қосып, барлығымыз дәстүрлі киімдерімізді заманауи үлгіде киіп жүретін күнге жетіп, ұлттық киімдеріміз әлемде ұлттық брендке айналғанын көргім келеді. Сол жолда еңбек ете беретін боламын. Мен ұлттық киімдерімізге деген құрметті, мақтанышты жандандырсам деймін. Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде қазақтың ұлттық киімін киіп жүру әдетін сіңіру – нағыз қазақ костюмін көрсету. Ол үшін қазақстандықтар дайын киімді қолайлы бағамен сатып ала алатын моноқалада дүкен ашқым келеді, — дейді көпбалаы кәсіпкер.
Тігіншінің сөзіне қарағанда әр оюдың түсі мен түрінде өзіндік мән бар. Арайлымның әжесі оюды бейберекет тіге бермеген. Әрбір жібін сабақтап отырып дұғасын айтып, соған сәйкес оны әдіптеген. Тек Қазақстанда ғана емес әлемнің барлық елдерінде мемлекеттің ұлттық құндылықтарына деген сұраныс артып келеді. Өзгелерді әлемдік брендтермен таң қалдыра қою екіталай. Ал ұлттық нақыштағы киімдер әрқашан трендте.
– Алғашында қазақ қызының гардеробын жасау идеясын 2016 жылы қолға алдым. Осы мақсатпен қазақтың ұлттық киімдерін тігуді әртүрлі дизайнерлердің курсынан және көп іздестің арқасында іске асырдым. Мен қазақ дәстүрлерін қайта жаңғыртып, қалпына келтіргім келеді. Өзімнің әлеуметтік парақшамда ұлттық стильді қалай ұстану керектігін көрсетемін, бірақ бұл ретте заманауи талаптарға сай болуды ұмытқан жоқпын. Яғни бұрынғы мен бүгінгіні үндестіруге ұмтылыс жасауға тырысамын. Сонымен қатар, өзімнің қыздарыма мектептегі мерекелік кештерге киетін киімдерді өзім тігіп беремін, – дейді Арайлым Жарқынбекқызы.
Қазір қыз-келіншектердің ұлттық нақыштағы көйлектерге қызығушылықтары жоғары. Әрине, ерекше стильде тігілген ұлттық нақыштағы киімге қызығатында көп. Бір өкініштісі оны тіктіруге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Себебі, ұлттық нақышта тігілетін киімдердің матасы, моншағы, оюлары да қымбат тұрады. Қазақы нақыштағы киімнің орташа бағасы 25 мың теңгеден басталады. Киімнің дизайны мен моншағына қарай бағасы да көтеріле блереді. Қыз қзату, үйлену және сүндет той алдында ұлттық киіммен фотосессия жасау жақсы үрдіске айналып келеді. Әсіресе, жас жұбайлар той алдында этностильдегі ұлттық киімдерді жалға алады. Мәселен, бір костюмді жалға алу құны 15 мың теңгеден басталады. Ал сәукеле мен кәжекейдің өзі 5 мың теңгеден тұрады.
— Біраз уақыттан бері менің тұрақты клиенттерім қазақша киімдерді жалға алып, фотосессия жасайды. Әртүрлі сценарий бойынша қысқа метражды кино түсіру дәстүрге айналып келеді. Менің қолымнан шыққан туындыларымды киіп, осындай естелік фильмдерге түскеніне қуанамын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатамыз. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан тігілген киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн болар еді, — дейді Арайлым.
Арайлым үйде отырып өзінің кәсібін ашып, балаларына да қарап, табыс та тауып келеді. Отағасы Бекзат Шырымбеков жеке кәсіпкер. Арайлым мен Бекзат екеуі Әмина, Айбике, Балсезім, Төренұр, Бекнұр және Балнұр есімді 4 қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсіріп келеді. Әмина мен Айбике есімді қыздары Арайлымға тігін тігуге көмектеседі. Қодары бос уақытында анасының қасында отырып кесте, бисер тігу мен көздің жауын алатын тастардан моншақтар, адамның аты жазылған билезіктер жасайды. Сондай-ақ, шәй ішуге арналған арнайы шыны ыдыстарға әртүрлі кретавті сөзөдер жазып та ұсынады. Сонымен қатар, бір түсті футболкаларға адамның атын жазып, әдемі суреттер де салады.
Өзінің жеке талғамы бойынша тапсырыс бергісі келген адам, ең алдымен тікелей Арайлыммен жұмыс істейді. Өзінің қалауын жеткізіп, қандай мақсатта киетінін айтады. Ал тігінші кейіпкеріміз болса тапсырыс берушінің көкейіндегіні дөп басу үшін киім үлгісін алдымен қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған үлгіге жан бітіру үшін мата мен өнімді таңдау жұмыстары басталады. Бүгінде Арайлым өзінің тігін шеберханасында тігілген ұлттық киімдерді республикамыздың әрбір өңірінің тұрғындары ерекше ықыласпен қабылдап, арнайы тапсырыспен тіктіреді. Арнайы тапсырыспен тігілген киім міндетті түрде сымбатыңызға сән береді. Өйткені, сіздің дене бітіміңіздің әрбір ерекшелігі есепке алынады, әрі өз қалауыңыз бойынша тіктіре аласыз. Қазақ өнерінің қайталанбас көрінісі бар ұлттық киімдерге тапсырыс берерде әрбір ұсақ-түйек жұмыстарға дейін мән бергеніңіз жөн.
Шебердің инесі де, күймесі де – алтын демекші тапсырыс берушінің талғамына сай келетін ұлттық киімнің қалай дайындалатынын Арайлымның ұйінен ашқан шеберханасындағы көздің жауын алатын сәнді ұлттық нақыштағы киімдерді көрдік. Арайлымның еңбегіне береке берсін, Қазақтың сал-дәстүрін әспеттеген ұлттық нақыштағы брендттік киім үлгілерін әлемге танытуына тілектеспіз!
Раушан НАРБЕК