Кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Кәсіпке ұмтылғандар жыл сайын арнайы бағдарламалардың игілігін көріп келеді. Оның ішінде қайтарымсыз грант көлемі де әртүрлі. Жеңіл пайызбен берілетін несие түрлері де бар. Біз «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында «Мансап» орталығы арқылы берілетін 1 476 800 теңгелік грант төңірегінде әңгіме қозғауды жөн санадық. Былтыр, яғни 2023 жылы грант соммасы – 1.380.000 теңгені құрады. Ал осы жобаға жалпы өтінім саны – 691. Оның ішінде бизнес идеясы құпталғаны – 90 адам. Олардың басым бөлігі – мал және құс шаруашылығы, кондитерлік өнім, тігін саласына берілген.
44 адам мемлекеттік грант иегері атанды
– Бұл жоба жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аясында өткізілді. Осыған байланысты Кентау қаласы мен қалаға қарасты бірқатар ауыл тұрғындары арасында өз кәсібін ашып, нәсібін көріп отырғандардың қатары көбейіп келеді. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылатын «Мемлекеттік қайтарымсыз грант» бағдарламасымен 2024 жылы бірінші лекте 106 адам грантқа өтінім берді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша комиссия мүшелерінің алдында мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға өтінім бергендердің ішінен 91 адам өз бизнес жобаларын қорғап, 15 адам комиссия отырысына келмеді. Комиссия мүшелерінің толық дауыс беруінің нәтижесінде 1-лектің грант иегерлері, яғни жеңімпаз — 37 адам анықталды. «Мемлекеттік қайтарымсыз грант» бағдарламасы аясында II-лекте Кентау қаласы бойынша 117 адам грант алуға өтінім берген. Оның ішінен 101 адам комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес жобаларын қорғады. Ал 16 адам комиссия отырысына келмеді. Нәтижесінде 44 адам комиссия мүшелерінің оң шешімімен грант иегерлері атанды, – деді Кентау қаласы мансап орталығының директоры Жақсылық Кайдаулов.
Құрылғы мен аппараттар маркасымен көрсетілуі тиіс
Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаражатты алу үшін қатысушы өтінім береді. Арнайы дәріске қатысып, «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы білім алады. Сол сертификатты бизнес-жоспарды қорғау барысында өзімен бірге әкеледі. Әрине, кәсіп бастаймын деушілер қатары көп. Десе де, ішінен кәсіпке бейімі бар, істі жүргізе алатын адамдарды анықтау қиын. Ол үшін әр саладан құралған комиссия мүшелері жинақталады. Сол мамандар бірігіп шешім қабылдап, дауыс береді. Біз материал әзірлеу барысында комиссия мүшелері болған азаматтардың пікірін ескеруді жөн санадық.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаражат беріледі. Оған кәсіпке бет-бұрыс бастаған жандардың барлығы қатыса алады. Ниет білдірушілер бизнес-жоспар әзірлеп, соны ұсынады. Қорғау барысында сонда көрсетілген деректерге сүйенеді. Біз ондағы әр есеп-қисаптың дұрыс-бұрыстығына көз жүгіртеміз. Мекенжайы нақты көрсетіліп, талапқа сай болу тиіс. Бір ескеретін жайт, мемлекеттен бөлінетін қаржы бір реттік қолданыстағы заттарға берілмейді. Сонымен қатар, қандай құрылғы, пайдаланылатын аппараттардың барлығы нақты маркасымен көрсетілуі тиіс. «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы өткізілетін сабақта бизнес планды қалай жазу керектігі көрсетіледі. Грантқа қанша адам өтініш береді, сол бойынша қабылдаймыз. Барлық үміткердің жобасын тыңдап, қорғалу барысында берілген жауапқа қатты мән береміз. Кәсіпке байланысты қойылу керек 10 сауал бар. Соның барлығына жауап беруі, кәсіпті қаншалықты меңгергені, оның қазіргі кезде біздің өңірге қаншалықты қажеттілігі, кәсіпкердің игеріп кетуі толық қаралады. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаржы болғандықтан, бізден сұралады. Видео бақылау жүргізіледі, – деді Мансап орталығының маманы Фарида Жүзтаева.
Кәсіпкерлерді анықтап, оларға шешім қабылдау қиын
Аталған жоба комиссия мүшелері әр саладан іріктелетінін атап өттік. Биылғы іріктеуге Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Асылхан да комиссия мүшесі қатарында болды. Оның айтуынша, мал шаруашылығы саласына қызығушылық танытып, сол салада қорғағандар қатары көп екен.
– Биыл көптеген жоба келіп түсті. Бірақ басымдық ауыл шаруашылығына көп берілді деп ойлаймын. Жылқы бордақылау, мал санын көбейту, сиыр сауып, сүт өнімдерін сату секілді жобалар көп. Десе де, одан бөлек басқа да қызықты кәсіп түрлері жеткілікті болды. Біз бизнес жоспарға, қорғалуына, қойылған сұрақтарға жауап беруіне қараймыз. Кәсіпті ашып, әрі қарай дөңгелетіп алып кететіндер белгілі болады. Өзінің бұрын-соңды істеген жұмыстарын әкеледі, оларды қалай жасағанын толық түсіндіреді. Біз шамамен бір күнде 50-60 құжатқа дейін қарап шықтық. Ол екі күнге созылды. Есептеп көрсеңіз, сол уақыттың ішінде 100-120-ға дейін құжатты талқыға салдық. Ауылдан келген тұрғындардың дені мал шаруашылығына байланысты жоба жасап келді. Рас, ауылдық жердегі тұғындар негізінен төрт түлікті түлетеумен айналысады ғой. Десе де, олардың арасында, шаштараз, наубайхана, жылыжай, құс өсіру және тігін ісімен айналысу секілді жұмыстарға көңіл бөлгені бар, – дейді Самат Асылхан.
Мониторинг жұмыстары жыл көлемінде жүргізіледі
Қаржы мемлекет тарапынан берілетін болған соң жұмыс тек бизнес жоспар мен қорғап шығудан ғана тұрмайды. Комиссия шешімімен лайықты деп танылған жағдайдың өзінде ол кәсіп иелерін арнайы мониторинг мамандарды зерделейді. Нақты мекенжайы бойынша барып, кәсіпкердің жұмысын көзбен көреді. Бизнес-жоспар бойынша алынуы тиіс аппараттар мен керекті құрал-жабдықтардың маркасы бойынша толық тексеріледі. Мұның басты мақсаты –кәсіпкер ретінде танылған адамның ол кәсіпті қаншалықты ашып, игеріп әкетуінде. Анығында, қаржыны жөнсіз пайдаланбағанына көз жүгірту болып табылады.
– Мониторинг жұмыстарын келісім-шарт негізінде әр тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын жүрзігіп отырамыз. Грант иегерлері өздеріне қажетті апарратарын алғанан кейін олардың кәсіп орнына барамыз. Кәсіпкерлерге алдын-ала ескертілмейді. Сондықтан да кей адамдардың үйінде немесе кәсіп орнында болмай қалуы мүмкін. Үйінде немесе кәсіп орнында болмаған жағдайда қоңырау шалып, қай уақытта келетінін нақтылап аламыз. Ал бизнесті үйінен ашқан жағдайда, оның үйіндегі кәмелет жасқа толмаған балаларынан мән-жайды сұрауға құқымыз жоқ. Бізге грант игерінің өзі керек. Себебі, ол жұмысты қалай жасап жатқанын айтып қана қоймай, оны бізге іс-жүзінде көрсетеді. Сондықтан бір барған мекенжайға, екінші рет баруға тура келеді. Кейде көрсетілген мекенжай дұрыс болмайтын жағдайлар да орын алады. Әр ауыл бойынша өздері бекіткен белгілі бір жауапты мамандар болады. Біз қалаға қатысты зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Қанша мал басы бар, техникалардың сәйкестігіне мән береміз. Нақты кейіпкермен бетпе-бет сөйлесіп, фото-видео жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, мемлекеттік грантты ұтып алған кәсіпкер келісім-шарт негізінде әр тоқсан сайын өзінің жасаған жұмысы бойынша business.enbek.kz порталы арқы есеп жасап отырады. Ал, келісім-шартты бұзып, я болмаса қаржыны басқа мақсатта пайдаланған жағдайда іс сотқа жолданады, – деді Кентау қалалық Мансап орталығының Монитингілеу және болжау бөлімінің басшысы Жансерік Таненов.
Қайтарымсыз қаражатпен кәсіп бастағандар көп. Биыл 82 адамға аталған бағдарламалар аясында қайтарымсыз грант беріледі. Демек Кентау қаласында кәсіпкер саны артпақ. Бұл – жұмыссыздар санын азайтуға да сеп болады деген сөз. Жұмыссыз немесе ісін жаңа бастаған кәсіпкер, қандас, мүгедек жандар немесе мүгедектігі бар бала асыраушылар, аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасының мүшелері мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа қатыса алады.