Байылдыр – қарт Қаратаудың қойнауында орналасқан шағын ғана ауыл. Ауылға бет алғанда алыстан алып рудниктің қаңқасы менмұндалап көзге түседі. Білуімізше, бұл ауыл бұрын тұрлі ұлттар мекендеген кеншілердің жұмысшы поселкесі болған көрінеді. Оны ауылдың бас көшесінің әлі күнге «Володарская» деп аталуының өзі айғақтап тұрғандай.
– Бүгінде Байылдыр тұрғындарының саны – 1620. Ауылда 1 мектеп , 1 балабақша, ФАП және мешіт жұмыс істеп тұр. Биыл республикалақ бюджеттен 426 млн теңге бөлініп, ауылға көгілдір отын кіргелі жатыр екен. Бір айдан соң ауыл арасы газ құбырлары құрылысы басталып, келесі жылы толық аяқталып, үйлерге газ беріледі. Ауылда жолдар жөнделіп, асфальт төселуде. Ауылдың тазалығын қолға алып жатырмыз. Қалалық мәслихаттың шешімімен қоқыс шығару адам басына 109 теңгеден 311 теңгеге көтерілгелі мердігерлердің де қызығушылық танытуда. Енді ауыл шетінде тау боп үйілген қоқыс болмайды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер өтікізіп ауылдың іші де, сырты да күл-қоқыстан тазарып қалды. Ауылда 340 отбасы бар. Оның ішінде 15 Жеке шарушылық тіркелген, оның 5-6-сы мал шаруашылығымен, 4-еуінің дүкені бар, қалғандары такси қызметімен айналысады, -дейді ауыл әкімі Бекзат Бимұхамбетов.
Бекзат әкіммен бірге ауылдың Ақсақалдар алқасының төрағасы, Кентау қалалық Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, әрі кәсіпкер Әбілда Қанай ағамыздың шаңырағына келдік. Айгүл жеңгеміздің айранын ішіп, тәтті ірімшіктен дәм таттық.
Әбілда ақсақалдың айтуынша Байылдырдың байырғы атауы – Кеңқол. Әргі тарихы үш ғасырға баратын Кеңқолда алғашқы кен көздері Ресей патшалығы тұсында табыла баастаған екен. Оны игеру үшін 1949 жылы жұмысшы поселкесі құрылған. 1953 жылы атақты «Ащысайтүстіметалдың» қосалқы руднигі ретінде ресми ашылған шахта 1998 жылға дейін жұмыс істеп тұрған. Ауылда 50-ші жылдары салынған фин үйлері, сол кездегі жылу қазандығының жұрнағы әлі бар. Иә, ауыл – алтын бесік. Алтын бесікте тербеліп, ауылды көркейтуге үлес қосып, елдің ықыласына бөленіп отырға азаматтар әр ауылда кездеседі. Солардың бірі де бірегейі Әбілда ақсақал.
– Мен өзім Қарағанды политехникалық институтын бітіргем. Еңбек жолымды Талдықорғанның Текелісіндегі мырыш комбинатында инженер болып бастадым. Қосымша партия мектебін, тағы бір ЖОО оқып бітіргем. Алайда, қартайған әке-шешемді ойлап, қызметтің соңына түспей елге оралдым. Кентауда біраз жыл инженер болып жұмыс істедім. 90-жылдардың тоқырауында кен орындары жабылып қалды. Жұмыс жоқ, балапан басына , тұрымтай тұсына кетті. (Біраз жігіттер бірігіп наразылық танытып Кентау-Шымкент тас жолын жауып жатып алған не сән десеңші). Сол кезде ауылды аман сақтаған азын-аулақ қорадағы малы еді. Малды көбейтіп бағайын десек, халқының 90 пайызы шахтада істейтін жұмысшы поселкесіне жер бөлінбеген екен. Кеңес кезінде жеріміз іргедегі Түркістанның Жамбыл колхозы (Ораңғай), Теке ауылдарына телініп кеткенін білдік. 1995 жылы осы мәселемен ізденіп, біраз есікке кірдім. Ақырында, Түркістан әкімдігінен Байылдыр өзенінің екі бетінен 200 га жерді 20 жылға жалға алғанбыз. Мерзімі біткен соң жер заңды иесіне өтіп, ауылдың жайылымдық жері болмады. 9 жылдан бері қудалап, тынбай ізденіп жүріп жуықта шешілді ғой, әйтеуір. Мәслихат шешімімен ауылға 75 мың га жер берілетін болып жатыр. Бірақ, әзірге базаға енбей тұр,- деп, ақсақал ауылдағы өзекті мәселе жайылымдық жер екенін айтты. Ақсақалдың айтуынша ауылдың көшелерінің барлығы дерлік (кейбір тұйық көшелер болмаса) асфальтталған. Жарықтан мәселе жоқ. Тек, ауылға кіре берістегі Байылдыр өзенінің үстінен өтетін бас көпірдің тозығы жеткен. Жөндеуді талап етеді. Сонымен қатар, ауылдан 5 шақырым жердегі Үңгірсайдан Әбілда ақсақал бастап 6-7 отбасы қора жай салған екен. Көктемде қарғын су ол жақтың да көпірін жұлып кетіп, қора-жайымызға біраз жер айналып баратын болдық. Мал бағып, шаруашылықпен айналысып отырған біздерге біраз қиындық туғызды. Мұны да қала әкімімен кездесуде құлаққағыс еттім. Ертерек көпірді салып берсе екен дейді.
Әбілда ақсақалдың айтуынша, ауылдың орта буыны (40-50 жас) отарлап сыртта жұмыс істейді. Хромтау, Жезқазған, Қарағанды, Ақмола обл, Семей жағында кен орындарында вахталық әдіспен жұмыс істеп, айына 300-500 мың теңге табады. Оқу бітірген жастар қалаға оқуға кетіп, көбі ауылға оралмайды. Өйткені ауылда жұмыс жоқ. Айтуынша, ауыл халқы азын-аулақ қорадағы малы, түрлі ұсақ-түйек тірлікпен күн кешуде. Жұмыссыз жүргендері де бар. Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген 10-15 адам осындағы, қаладағы маусымдық жұмыстарға шығып, азырақ ақша алып жүр дейді. Көзі ашық, көкірегі ояу Әбілда көкеміздің кәсіпті бастағанына он жылдан асқан екен. 2010 жылдан бастап 5 шақырым жердегі ата қонысынан қора салып, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы несие алып, мал басын көбейтіпті. Содан бері шаруашылығын жүйелі жүргізіп келеді.
–2022 жылы зайыбым Айгүл 1 200 000 теңге көлемінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Сөйтіп, ол қаржыға 4 асыл тұқымды сүтті сиыр сатып алдық. Сол сиырлардың сүтінен құрт-май ірімшігін алып отырмыз. Үйден өздері алып кетеді. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық несие алып (7 млн) 100 бас Еділбай қойын сатып алдық. Менің межем 100 қойдан 70 қозы алу еді. 100-ден 93 қозы алдық. Бірақ 13 басы шығын болды. Оның өз себебі бар. Несие алуға наурыздан әрекеттеніп, құжатын тапсырып қойсақ та қаржы қараша айында әзер қолымызға тиді. Тиімсіздеу. Күзде мал табылмайды, қымбат болады. Көбі бұл кезде базарға шаруа малын емес, бордақылап баққан сойыс малдарын шығарады. Оның үстіне өз ауылдарыңнан емес көрші облыстан алынған болуы керек деген талабы болды. Амал жоқ, Жамбыл облысынан 100 саулық алып келдік. Құмшауыт жердің төлі тұяғы жұмсақ келеді екен. Біздің тау-тасты жерімізге үйрене алмай, жерсінбейд екені.. Сосын ол жақта қошқар күйекке ерте түсе ме, мен ойлағандай ақпан емес,қойлар қаңтардан төлдеді. Күн суытып кетіп, іш тастағандары болды. Жалпы, Шаруа қожалығымда 47 бас ірі қара, 100 қой, 80 қозы, 30 шақты ешкі бар. Шүкір жаман емеспіз. Бізден де басқа малының басы бар, шаруашылықты дамытуға ниетті адамдар бар. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен осы ауылдан 5-6 адам несие алдық. Мал бордақылауға, кейбірі сүтті сиырға алды, біз мал басын көбейтеміз деп алдық. «Ауыл аманаты» деген бағдарлама өте тиімді. Басында пилотты жоба деп жан саны аз біздің ауылды қатыстырмады. Қарнақ, Хантағы алып жүрді. Хантағыдағы бір кооперативке тіркеліп жүріп алдық қой,әйтеуір, — дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер көкеміз ауылда соңғы кезде малға қызығушылық төмендегенін, жастардың қаланы құп көретінін айтады. «Бүгінгі жастар біз секілді емес. Қызметте дүрілдеп тұрсам да, қартайған әкемнің бір ауыз сөзіне, тілегіне құлақ асып, бәрін тастап елге қайттым. Біздер туған жерге кіндігіміз байланған, ел, жер деп өскен едік. Өзімнің екі ұлым да қалада қызметте. Кіші ұл келіп, шаруашылықты қолға алар деген үмітіміз бар. Тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл көлемінде қазақтың санасы қатты өзгерді. Құндылықтар өзгеріп кетті. Туған жерге туын тігіп, елді көгертіп, ауыл-аймақты дамытсақ дейтін жастар болса қуанамыз, құптаймыз әрине. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесе екен» дейді ел ағасы.
…Байылдырдан 5 шақырым ішкерек, таудағы Үңгірсай ауылына ат басын бұрдық. Таудың тас жолы, жарық бар, тек байланыс әлсіздеу. Малға жайлы бұл қоныста 6 үй отыр екен. Солардың бірі – Серікболсын Жаңабатыров деген азамат. Серікболсын басында осындағы шахтада, кейін 20 жыл «Қазақ мыс» компаниясына қарасты кен орнында бұрғылаушы-кенші болып жұмыс істепті. Денсаулығы жарамай, мүгедектік зейнетке шыққан. 2019 жылдан бастап ата қоныс Үңгірсайдағы үйді келіп көріп, шатырын ашып, қайта көтеріп, жөндеп көшіп келіпті. «Кенттегі үйде балалар тұрады. Бәйбішеммен енші алып, осында ең әуелі айналаға тал-терек отырғыздық, қоршадық. 400 түп жемісін ағашын отырғыздық. Алма, алмұрт, шие ,өрік, шабдалы, құрма ағашын ектік. Бауымыз биыл нышан көрсетіп жатыр. Бұйыртса келесі жылы пайда көрерміз дейміз. Басында жай әуесқойлықпен бастаған едік. Бауды көктемде 2 рет өңдеп, күтіп-баптап күзде артық бұтақтарды кесіп отырамыз. Ютубтан қарап-ақ, екеуміз бүгінде дипломсыз агроном болып алдық. Мына жер салқын сая, ауасының өзі дертке шипа. Таңнан кешке дейін тынбаймыз, бірақ шаршамаймыз. Денсаулығымда бұрынғыдан жақсы болып келеді. Байылдырды көкөніспен толық қамтып отырмыз десек те болады. Дәрісіз таза өнім: помидор, қияр, болгар бұрышы, баклажандарымыз әп-сәтте өтіп кетеді. Іргедегі інімнің, бос жатқан тағы бір-екі жерді сатып алдым. Алдағы уақытта жылыжаймен айналыссам, шаруашылықты заңдастырып кәсіпкерлікке өтуге ниеттеніп жатырмын», дейді замандасымыз.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындары арасында кәсіп бастауға Әбілда ақсақалдың тірлігі қозғау салған. Қызуғышылық бар. Ендігі кезекте ауылдан өз кооперативтерін құрып, мемлекет қолдауын, барлық мүмкіндікті пайдалануға көмектесеміз. Өткенде қала әкімі Кентаудағы базардан ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арнайы дүңгіршектер ашуға ЖКХ-ға тапсырма берді. Қазан айынан бастап базарда Байылдырдың өз дүкені болады, бұйыртса, дейді.
P.S Айтпақшы, келгеніне екі айдың шамасы болған Бекзат әкімге ауылдықтар үлкен үмітпен қарайды. Осы ауылда туып-өскен, кейін көрші ауылға қоныс аударып, шаруашылығын дөңгелтіп отырған кәсіпкер жігітті ауыл тұрғындары (3 рет әкімдік қызметке шақырыпты) аттай қалап алған көрінеді. Өз ауылымыздың тумасы елге, туған жерге жанашырлықпен қарап, ауылды дамытуға жас та болса бас болып, бел шеше, белесене кірісер дейді. Біз байылдырлықтарға сәттілік тіледік.