Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларында мемлекеттік даму саясатында көрсетілгендей ана мен баланы қорғау, бала туу санын арттыру, ана мен бала өлімін азайту, денсаулықты жақсартуға басымдық береді. Осы ретте, халықтың демографиялық ахуалын реттеу үшін акушерлік көмекті ұйымдастыру аса маңызды шараға айналып отыр.Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бірқатар медициналық қызметтер қолжетімді болып, әрі сапасы артты.
№2 Облыстық перинаталдық орталықта ТМККК пакеті және МӘМС шеңберінде жүкті және жоғарғы қауіпі бар топтағы босанатын және жаңа босанғандарға, шала туған нәрестелерге мамандандырылған акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық, алғашқы медициналық-санитарлық және консультативті- диагностикалық көмектер көрсетіледі.
Перзентханада ағымдағы жылдың 9 айында 3629 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде, 1307 әйел кесір тілігімен босанған, шала туғандар саны 77 балаға жетті. Ағымдағы жылы ТМККК пакеті бойынша 240 әйелге және 17 балаға, МӘМС шеңберінде 4379 әйелге және 1884 нәрестеге медициналық көмек көрсетілді.
Орталыққа қауіп-қатер тобындағы жүктілер, босанатын ауыр акушерлік патологиясы бар әйелдер және аудан, қалалардан жедел босануға жолданған науқастар қабылданады. Сонымен қатар, жатырда тыртығы, ұрықтың дұрыс орналаспауы және вагинальды босануға қарсы көрсеткіштерімен экстрагениталдық патологиясы бар жүкті әйелдерді жедел түрде босандыру шарасы жүргізіледі. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі шала туған баланың жағдайын мониторингілеу және қарқынды емдеу үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ал, балалар патологиясы бөлімшесінде даму жағынан ауытқуы бар жаңа туған нәрестелерге күтім жасалып, диагностикалық және емдік шаралар жүргізіледі. Бұл жерде нәрестелердің жүйке жүйесінің перинаталдық зақымдануы, шала туу (гестация мерзімі 22-ден 37 аптаға дейін), құрсақішілік дамудың бұзылуы (хромосомалық ауытқулар,фетопатиялар), гипербилирубинемия — жаңа туған нәрестелердің сарғаюы, емдеуді қажет ететін туғаннан бері ақауы бар жаңа туғандарға көмек көрсетіледі. Жалпы, жыл басынан бері орталыққа 60 нәресте жүрек ақауымен, 7 Дауна синдромымен, ішек ақауы 7 нәрестеде анықталды. Осы ақаулар дер кезінде анықталып, хирургиялық және консервативтік көмек көрсетілді.
Ұрықты қорғау бөлімшесінде тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу үшін жүкті әйелдерге генетикалық скрининг, жаңа туған нәрестелерге неонаталды скрининг жүгізіледі. Оның ішінде, ұрықтың туа біткен патологияларын анықтау үшін әйелдерді биохимиялық маркерлерге тексеру, скринингтік мерзімде ұрықтың перинаталдық УДЗ жүргізіледі.Кешендегі жаңа тәсіл ықтимал патологияларды ерте кезеңде анықтауға және ұрықтың өмірі, денсаулығы үшін дәл болжамды алуға мүмкіндік береді.
Бөлімшеде 2237 жүкті әйелге және ақаумен туған 24 балаға кеңес берілді. Сонымен қатар, 4370 жүкті әйел генетикалық скринингтен өтті. Оның ішінде, «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы бойынша -1077, қауіпті топқа жататын 152 жүкті әйел бар. Ал, неонаталды скринингтен саны 5602 бала өтсе, оның ішіндегі 2 нәрестеден туа біткен гипотериоз анықталды. Консилиум 71 әйелге жасалды. Нәтижесінде, жүктіліктің даму кезеңдерінде ақаулары анықталған жүкті әйелдерге жүктілікті үзуге байланысты кеңес берілді.
Ана мен баланың денсаулығын қорғауда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық жәрдем көрсетудiң сапасын арттыруға байланысты қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Өлiм-жiтiмді тұрақты төмендету мақсатында, қазiргi перинатальдық технологияларын енгiзу және медициналық жәрдемді күшейтуге қатысты ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Перзентханада аналарға ТМККК пакеті және МӘМС шеңберінде бойынша медициналық көмек алу мүмкіндіктері қамтылған, дәрігерлер тарапынан диагнозды нақтылы қойылуы,медициналық көрсетілімі бойынша,ота жасау,дәрілік препараттарды уақтылы диагнозына және аурудың өршу сатысына байланысты, тиімді,мөлшерін ескере отырып тағайындау қарастырылған.
М.Ерназарова, №2 облыстық перинаталдық орталықтың қабылдау бөлімінің меңгерушісі