Сайрам ауданындағы М. Мақатаев атындағы жалпы білім беретін мектепте 1042 оқушы білім алады. 42 сынып және 3 даярлық тобы бар. Бірінші ауысымда 508, екінші ауысымда 534 оқушы оқуда. Мектепте 442 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік көмек қорынан 31 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Мектеп кең жолақты интернет жүйесіне қосылған. Оның жылдамдығы секундына 60 мегабайт.
Білім ұямызда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 36 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 19-ы ғимарат ішінде, ал 17-сі мектеп ауласына қойылған. Одан бөлек дабыл түймесі жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі Сайрам аудандық полиция бөліміне қосылған.
Біздің мектепте 101 мұғалім жұмыс істейді. Оның 9-ы магистратураны бітірген. Сонымен қатар, 99 педагог жоғары білімді. Екеуі арнаулы орта білімді. 14 — «Педагог-зерттеуші», 27 — «Педагог сарапшы», 27— «Педагог –модератор», 31 — «Педагог» біліктілік санатын иеленген мұғалімдер еңбек етеді. Техникалық қызметкерлер саны 20-ны құрайды.
Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылының Білім алушылардың білім жетістіктер мониторингісі көрсеткіштерін анықтауға 9-шы сыныптан 20 оқушы қатысты. Олардың оқу сауаттылығы 13,4-ті көрсетті. (45 %). Математикалық сауаттылығы бойынша 5,9–ды көрсетті. (45%). Ғылыми жаратылыстану бағыты бойынша 16,95-ті көрсетті. (53%). Жалпы 75 сұрақтан 48 пайызға жауап берілді.
Ал, 4-ші сыныптан 44 оқушы қатысты. Олардың оқу сауаттылығы бойынша көрсеткіші — 5,6-ны (56 пайыз), математикалық сауаттылығы бойынша көрсеткіші — 7,7-ні (64 пайыз), ғылыми жаратылыстану бағыты бойынша көрсеткіші – 5-ті (62 пайыз)көрсетті. Жалпы 30 сұрақтан 61 пайызға жауап берілді.
Оқушылардың білім сапасына салыстырмалы түрде қарайтын болсақ. 2022-2023 оқу жылының екінші жартыжылдығында жалпы оқушылар саны 843-ті құрады. Олардың ішінде 45 оқушы үздік болды. Оқушылардың орта балы 3,8 болды. Білім сапасы – 30,6. Ал, 2023-2024 оқу жылының бірінші жартыжылдығында жалпы оқушылар саны – 872. Олардың 137-і үздік болды. Оқушылардың орта балы -3,9, білім сапасы – 52,9.
Әрине, мұғалімнің жұмысының нәтижесі оқушылардың жетістігімен бағаланады. Айталық, 2023 -2024 оқу жылында мектепті 36 оқушы бітірді. Олардың ішінде 2 түлегіміз мектепті «Алтын белгіге» бітірді. 6 оқушы грант иегері атанды. Бүгінде үш түлегіміз шетелдердегі белді оқу орындарында оқиды. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Жиырма бес түлегіміз жоғарғы оқу орнында ақылы негізде білім алуда.
Сонымен қатар, 2023-2024 оқу жылында біздің мектеп оқушылары аудандық пән олимпиадасына қатысып, соның ішінде 8 оқушы жүлделі орынға ие болып, облыстық пән олипиадасына жолдама алды. Облыстық пән олимпиадасынан оқушылардың қанжығасы майланып қайтты. Олардың арасында бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленген де болды. Жалпы өткен оқу жылында оқушылары білім бәйгелерінде жетістікке жетіп жүрген 11 мұғалімге Алғыс хат тапсырылды. Бұл да біз үшін үлкен жетістік дер едім. Республикалық «Самұрық», «Ақбота», «Алтын ұрпақ», «Мың бала», «Кенгуру» секілді олимпиадаларда да бағын сынаған 9 оқушымыз І орынды жеңіп алса, 35 оқушымыз ІІ орыннан көрінді. Одан бөлек 35 оқушымыз ІІІ орынды иеленді.
Әрине, биік белестерді бағындырып жүрген педагогтеріміз де жоқ емес. Айталық, 3 мұғаліміміз аудандық ғылыми жобаларда ІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, облыстық пән олипиадасына оқушыларды дайындаған 27 мұғаліміміз де Алғыс хатпен марапатталды.
Оқушыларымыз білім бәйгелерімен қатар спорттық жарыстарға да белсенді түрде қатысып келеді. Мәселен, өткен оқу жлында 1 оқушымыз гимнастикадан облыстық сайыста І орынды иеленсе, республика көлемінде ұйымдастырылған жарыста бір оқушымыз ІІІ орыннан көрінді. Халықаралық дәрежедегі сайыстарға да қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген оқушыларымыз жетерлік. Оқушыларымыздың арасында футболға қызығатындар көп. Былтырғы оқу жылында 11 оқушымыз аудан көлемінде ұйымдастырылған ойында І орынды жеңіп алды. 13 оқушымыздан құралған команда ІІ орынды, 7 оқушымыздан құралған команда ІІІ орынды иеленді. Грек-рим күресінен ауданда ұйымдастырылған сайыста 7 оқушымыз І орынды иеленіп қайтты. Одан бөлек, 7 оқушымыз ІІ орынды, 8 оқушымыз ІІІ орынды жеңіп алды. Самбодан ауданда өткізілген сайыста 2 оқушымыз І орынды қанжығасына байлап қайтты. Таэквондо ауданда өткен сайыста 5 оқушымыз І орынды, 5 оқушымыз ІІ орынды, 3 оқушымыз ІІІ орынды жеңіп алып қуантты. Дойбыдан ауданда ұйымдастырылған сайыста 1 оқушымыз І орыннан, 5 оқушымыз ІІ орыннан көрінді.
Мұның бәрі мектебіміз бен мұғалімдеріміздің жетістігі деуге болады. Біздің бүгінгі міндетіміз оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды ұлттық тәлім-тәрбие нәрімен сусындату болып табылады. Осы мақсатта білім ұямызда көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Айталық, «Біртұтас» тәрбие бағдарламасы аясында мектебімізде қазан айында ата — аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. «Даналық» мектебі мен «Әкелер мектебі» ашылып, ата — аналар жиналыстарға белсенді түрде қатыса бастады. Жалпы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өткен болатын. Атап айтар болсақ, лол алты құндылыққа «тәуелсіздік және отаншылдық», «әділдік және жауапкершілік», «еңбекқорлық және кәсіби біліктілік», «бірлік және ынтымақ», «заң және тәртіп», «жасампаздық және жаңашылдық» енген. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы осы алты құндылық аясында іске асырылуда. 2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы осы бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып отыр. Әрбір құндылық оқу процесінде жүйелі түрде көрінеді. Әр айда тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар қарастырылған.
Айталық, қыркүйек айында біз еңбекқорлық жайлы толық ақпарат беретін болсақ, қазан айында оқушылар тәуелсіз еліміз жайлы, оның ішінде «тәуелсіздік» жайлы мағлұматтарға қанығатын болады. Қараша айында әділдік, желтоқсан айында бірлік, қаңтар айында заң, ақпан айында жасампаздық, наурыз айында отаншылдық, сәуір айында еңбекқорлық, мамыр айында бірлік, маусым айында жасампаздық жайында айтатын боламыз.
Одан бөлек біздің оқушыларымыз күнде «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты тақырыпта үзіліс кезінде бос уақытында түрлі ұлттық ойындарды ойнайды. Айталық, асық, тоғызқұмалақ, бес тас және т.б. Сонымен қатар, «Өнегелі 15 минут» ұйымдастырылады. Онда ата-аналар өздерінің балаларымен мінез-құлық және адамгершілік туралы күнделікті 15 минут жеке әңгімелесетін болады. «Үнемді тұтыну» айдарында біз суды, тамақты, энергияны тұтыну бойынша күнделікті табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды қалыптастыру бағытында әңгіме жүргіземіз. Бұл туралы жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар әзірлейміз. Қоңыраудың орнына күйді пайдалана бастадық. Сондай-ақ, оқушыларымызға үлкен үзіліс кезінде күй тыңдатамыз.
Ал, оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды. «Апта дәйексөздері» бойынша мақал-мәтелдер, халық даналығы, көрнекті тұлғалардың ұлағатты сөздерді айтамыз, насихаттаймыз. Сонымен қатар, аптаның дәйексөздері ақпараттық стендтерде, Led-экрандарда, сынып тақталарында орналастырылады. «Қауіпсіздік сабағында» жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, қауіпсіз мінез-құлқын және т.б. сақтауы туралы сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат береміз.
Оқушыларды шығармашылыққа баулуда да бұл бағдарламаның қосар үлесі орасан зор. Мәселен, «Эрудиты» атты дебаттық тобымыз соңғы уақытта үлкен жетістіктерге жете бастады.
Жалпы қазіргі таңда біздің мектебімізде 16 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Асық» пен «Бес тас» секілді ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын үйірмелерге қызығатындар көп. 5-11 сынып оқушыларының өзін-өзі басқару мүшерінің басшылығымен «Бірге таза әлем, бірге таза Қазақстан» акцияларын өткізіп тұрады.
Бақытгүл ДЮСЕНАЛИЕВА,
М. Мақатаев атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры.
Сайрам ауданы.