Республика күні қарсаңында елордада «Үздік педагог — 2024» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы жылы аталған байқауға мектептер мен колледждерден 1750 мұғалім қатысып, оның ішінде 64 педагог өз ісінің үздігі болып танылды. Соның ішінде Түркістан облысында үш педагог “Үздік педагог” атанды. Қазығұрт ауданы мамандандырылған «Дарын» мектеп интернатының химия пәні мұғалімі Имадуллаев Олжас «Үздік педагог — 2024» атанды.
Еліміздің бас ұстазы әріптестерін салтанатты жағдайда құттықтап, қоғамдағы ұстаз рөлінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын қазақстандық ұстаздар халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, биылғы жылы біздің оқушыларымыз әлемдік беделді пәндік олимпиадаларда 26 медаль жеңіп алды және бұл жүлделердің екеуі алтын медаль екенін айта кеткен жөн.
«Мемлекет күллі педагогикалық қауымдастыққа орасан зор сенім мен құрмет, қолдау білдіріп келеді. Күні кеше ғана біздің екі ұстазымыз «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды, бүгін де педагогтерімізді төрге оздырып, оларға құрмет көрсетудеміз. Бұл марапаттардың барлығы ұстаздардың еліміздің игілігіне, адами капиталды қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбектерінің мемлекет тарапынан лайықты бағаланатынын және педагог мәртебесін көтерудің жаңа кезеңін айғақтайды», — деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3,6 млн теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.