Мектепті білім айдынындағы үлкен кеме десек шатаспаймыз. Өзім басшылық жасап жатқан №10 «Қарабұлақ» жалпы білім беретін мектептің білімге құштар оқушылар мен жоғары мәртебелі ұстаздары өте көп. Биылғы оқу жылында алдымызға бірқатар нақты міндеттерді қойып отырмыз.
2024 жылы ақпан айында мектептің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарларымен ойласа келе, «Әжелер мектебі» клубын құрдық. Ауылымыздағы бір топ әжелер мектепке келіп, оқушыларға өздерінің ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Бұл бір жағынан мектеп жасындағы қыздардың арасында жиі орын алып жатқан ерте жүктілік секілді мәселелердің алдын алуға бағытталған жұмыс. Сонымен қатар, біз өз тарапымыздан мектеп оқушылар үшін «Қаржылық сауаттылық» жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіп отырамыз. Өйткені, қазіргі цифрлық технология ғасырында оқушылар әр түрлі жарнамаларға сеніп, балалар үшін ашылып отырған банк карточкалары арқылы ойындарға ақша салып жатқан жасөспірімдер қатары күннен-күнге көбеюде.
2024 жылының наурыз айында бүкіл мектепке Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында сейсможаттығу өткізілді. Мектеп қабырғасында табиғи апаттар орын алған жағдайда әрбір сыныптан, әрбір қабаттан сыртқа шығарылатын есік орындары үнемі ашық болуы қадағалануда.
Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан игі іс-шаралар. Орайы келгенде аталмыш бағдарлама туралы кеңірек айта кетейін. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өтті. Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, әділдік және жауапкершілік, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, бірлік және ынтымақ, заң және тәртіп, жасампаздық және жаңашылдық. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы осы алты құндылық аясында іске асырылады. Және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) негізіне айналады. 2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы осы бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып отыр. Әрбір құндылық оқу процесінде жүйелі түрде көрінеді. Әр ай тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қамтиды. Айталық, қыркүйек айында біз еңбекқорлық жайлы толық ақпарат беретін болсақ, қазан айында оқушылар тәуелсіз еліміз жайлы, оның ішінде «тәуелсіздік» жайлы мағлұматтарға қанығатын болады. Қараша айында әділдік, желтоқсан айында бірлік, қаңтар айында заң, ақпан айында жасампаздық, наурыз айында отаншылдық, сәуір айында еңбекқорлық, мамыр айында бірлік, маусым айында жасампаздық жайында айтатын боламыз.
Одан бөлек біздің оқушыларымыз күнде «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты тақырыпта үзіліс кезінде бос уақытында түрлі ұлттық ойындарды ойнайды. Айталық, асық, тоғызқұмалақ, бес тас және т.б. Сонымен қатар, «Өнегелі 15 минут» ұйымдастырылады. Онда ата-аналар өздерінің балаларымен мінез-құлық және адамгершілік туралы күнделікті 15 минут жеке әңгімелесетін болады. «Үнемді тұтыну» айдарында біз суды, тамақты, энергияны тұтыну бойынша күнделікті табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды қалыптастыру бағытында әңгіме жүргіземіз. Бұл туралы жадынамалар, нұсқаулықтар мен парақшалар әзірлейміз. Қоңыраудың орнына күйді пайдалана бастадық. Сондай-ақ, оқушыларымызға үлкен үзіліс кезінде күй тыңдатамыз.
Ал, оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды. «Апта дәйексөздері» бойынша мақал-мәтелдер, халық даналығы, көрнекті тұлғалардың ұлағатты сөздерді айтамыз, насихаттаймыз. Сонымен қатар, аптаның дәйексөздері ақпараттық стендтерде, Led-экрандарда, сынып тақталарында орналастырылады. «Қауіпсіздік сабағында» жол қозғалысы ережелерін, өмір қауіпсіздігі негіздерін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, қауіпсіз мінез-құлқын және т.б. сақтауы туралы сынып сағаты шеңберінде 10 минут ақпарат береміз.
Біздің мектептің ауыз толтырып айтар жетістіктері бар. Реті келгенде ол туралы да айта кетейік. Мектебіміздегі балалардың спортқа деген қызығушылығы мен жақсы жаттықтырушылардың арқасында осы жылы 3 рет жүлделі орын иелерін құттықтадық. Мектебіміздің дене шынықтыру пәні мұғалімдері Юлдашев Ғуламжон және Наримтаев Рустамжан басшылығында дайындалған бір топ оқушылармыз, маусым айында баскетболдан 7-8 сынып оқушылары арасындағы «Мектеп лигасында» жүлделі 1 орынды алып қайтты. Тамыз айында Қызылорда қаласында 25 мемлекеттің арасында болып өткен Валейбол Халықаралық турнирден мектебіміз оқушылары 1 орын алып қайтты. Осындай білімді әрі білікті оқушылардың жетістіктері біз мұғалімдер үшін үлкен қуанышқа ортақ болмақ.
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында түнгі ойын сауық клубтарында ақшаға алынып отырған түрлі ойындар олардың психологиялық жағдайын қиындатып, өз – өзіне қол жұмсау сияқты жаман әдеттерге бұрып жатыр. Осындай оқиғалар орын алмас үшін мектеп оқушыларының қауіпсіздік шараларын көру мақсатында мұғалімдер және полиция қызметкерлерімен «Түнгі рейд» жұмыстарын үнемі жүргізіп отырамыз.
2023 – 2024 оқу жылында №10 «Қарабұлақ» жалпы орта мектебінде 26 оқушымыз мемлекеттік грант иегері атанды. Абдуллаев Жамшид 1 жылдық оқу құны 88 млн теңгені құрайтын жоғары оқу орнының грант иегері атанды. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз — өрлеу» деп айтқандай, біздің мектеп мұғалімдері өздеріне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен, іске әділдікпен қарай отырып, өздерінің біліктіліктерін ұдайы арттырып отырады. 2024-2025 оқу жылында 65 оқушы мемлекеттік грантқа үміткер болып отыр.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген екен. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда өзінің өзектілігін жойған емес. Білім адам баласының табысқа жетуінің ең басты кілті болып табылады. Сондықтан, өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім берудің ең маңызды міндет екенін біз шын сезінеміз. Бұрын адамдарда «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік болатын. Енді оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басты. Қазір жұмыс берушілер үшін ең бастысы диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті және ұқыпты жас мамандарды бағалайды. Бұл педагогтерге де тән дүние. Сондықтан, біз өз тарапымыздан мұғалімдердің білімін жетілдіруіне, біліктілігін арттыруына барынша көңіл бөлеміз. Айталық, бүгінде облыста 62 мыңнан астам педагог еңбек етеді екен. Оның 60 пайызы оқуды сырттай бітірсе, 70 пайызы профильді емес жекеменшік оқу орындарында білім алған екен. Бүгінде медицина мен педагогика мамандықтары бойынша сырттай оқытуға да, қашықтан оқытуға да тыйым салынған. Бұл – әлемдік тенденция. Біздің еліміз де осы үрдіске көше бастады деуге болады. Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның негізінде әртүрлі пәндерден сабақ беретін 150 маман аталмыш университетте қайта даярлау курсынан өткізілмек. Мұндай бастамалардың педагогтерге берері көп деп білемін.
Мураджан АБДУЛЛАЕВ,
№10 «Қарабұлақ» жалпы білім беретін мектептің директоры.
Сайрам ауданы.