Арыс қаласының білім бөліміне қарасты Ә.Жангелдин атындағы №32 жалпы білім беретін мектеп 2023-2024 оқу жылының ІІ жарты жылдығында көптеген оң нәтижелі жұмыстарды атқарды. Айталық, мектеп мұғалімдерінің барлығы біліктілікті арттыру курстарынан толықтай өтті. Оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, саналы тәлім-тәрбие беруде мектебіміздің мұғалімдері көптеген жетістіктерімен көрінуде. Мектептің мұғалімдері мен оқушылары білім саласының барлық бағыттары бойынша ұйымдастырылған байқаулар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Біздің негізгі мақсатымыз – мектептің білім беру ортасын инновациялық бағытта өзгерте отырып, оң нәтижелерге қол жеткізу. Тұлғалық дағдылар мен құндылықтар арқылы инновациялық құзыреттілікті дамыту және білім берудегі жаңа трендтермен жұмыс жүргізу мақсатында мектеп әкімшілігі «Эксперттер зертханасы» жобасын іске асырды.
Мектепте заманауи жабдықталған химия, физика, биология және STEAM, роботехника кабинеттері арқылы сапалы білім берілді. Жаратылыстану бағытындағы пәндерден оқушыларымыз жоғарғы нәтижеге қол жеткізіп, республикалық пән олимпиадасының аудандық, облыстық кезеңдеріне қатысқан оқушыларымыздың арасынан 18 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Жыл қорытындысы бойынша 2 оқушымыз «Алтын белгі», 14 оқушы «Үздік аттестат» және 23 оқушы негізгі «Үздік аттестат» иегері атанды. Мектептің «Жас сарбаз» жобасының мүшелері «Айбын» патриоттық әскери сайысының облыстық, республикалық, халықаралық кезеңінің жеңімпаздары атанды. «Айбын» жобасының жетекшісі мектебіміздің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің жетекшісі Аймурзаев Ербол Әділбекұлы Білім және ғылым министрінің қолынан «Білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының білім саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалап, қолдау көрсеткені деп білеміз. Орайы келгенде айта кетейік, Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр елімізде өткен педагогтер съезінде еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауының аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өтіп: «Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі» деген болатын.
Сонымен қатар, ел Президенті мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударып: «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді. Мемлекет басшысының бұл пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналып келеді. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өтті.
Расында да бүгінде педагогтер тек пәнді ғана үйретіп қоймайды, сонымен қатар, олар балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал етеді. Сондықтан, осынау жоғары атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс. Бұл туралы да Президент: «Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетпіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің мектептің мұғалімдері өздерінің білімдерін ұнайы жетілдіріп, біліктіліктерін арттырып отырады. Мектепте инновациялық технологиялар ұдайы қолданылып келеді. Өйткені, балалардың уақыт талабына сай озық білім алуы қажет. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам жасауда. Сондықтан азаматтарымыздың жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек екені сөзсіз.
Қазіргі таңда елімізде білім саласындағы тағы бір маңызды міндет, ол – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл мектептерін зияткерлік, қоғамдық орталық ретінде дамыту. Осы мақсатта бүгінде біздің білім ұямызда көптеген іс-шаралар қолға алынып келеді. «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деген сөз тектен-текке айтылмаса керек. Былай қарағанда, мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, соңғы уақытта білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету қажет екенін жиі тілге тиек етуде. Өйткені цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
– Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет, – дейді Мемлекет басшысы.
Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы 2024-2025 оқу жылында LED экран, интерактивті панелдер, моноблоктармен толықтырылып, мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға жағдайлар жасалынуда. Оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Осы бағытта қолға алынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының берері көп деп білемін. Мектебіміз ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айнала бастағандай. Ал облыста жаңа оқу жылында 62 мектепте 265 арнайы пән кабинеті жабдықталуда. Интернет жылдамдығын ретке келтіру мақсатында 330 мектепке Starlink құрылғысы орнатылды. Бұл әсіресе, шалғайдағы және шекаралық аймақта орналасқан мектептердегі интернет мәселесіне оң әсерін тигізді. Түркістан өңірінің мектептерінде тәжірибе жүзінде қолданылып жатқан «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand», «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер арқылы проблемалардың түйіні шешілуде.
Сонымен қатар, бүгінгі күні мектебімізде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық жағдай жасалған: мектептің сыртқы қоршауы, бейне бақылау жүйелері, дабыл батырмалары ішкі әжетханамен қамту мемлекет тарапынан бөлінген қаржымен жасалды. Биылғы оқу жылында 1-4 сынып оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтылуы оң нәтиже берді,ата аналарымыз мемлекетке алғыс білдіруде. Мектеп ұжымы мемлекет басшысының бастамасымен жүріп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық жобасын шын ықыласпен қолдап, атсалысуда.
Рахима ЖҮНІСОВА,
Ә.Жангелдин атындағы № 32 жалпы білім беретін мектептің директоры.
Арыс қаласы