Менің саялы Сарыағаш өңірінің бақ қонып, береке дарыған Дербісек ауылындағы білім мекемесінің басшылығына келгелі көп уақыт бола қоймады. Бұл мектепке келген сәттен бастап мектеп ұжымына ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген ұлағатын басты миссия етіп қойдым. Нағыз ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға қалыптастыру, әрине, рухани сенімі мол ұрпақ тәрбиелеуден басталатыны анық. Білім ордасы тек білім беру мекемесі ғана емес, мұнда қоғамдық өмір де, мәдени орта да бар. Ағарту саласында бар күш-жігерін сарқа жұмсап, елеусіз ғұмыр кешіп жатқан ұстаздар да баршылық. Білім ордасының заман ағымына қарай дамуы, ұжымда оқушыларға сабақ беретін заманауи көзқарастағы, жаңашыл педагогтар легінің қалыптасуы байқалады. Бұл тәжірибелі алдыңғы аға буын мен соңғы білім беру үрдісін жетік меңгерген жас мамандардың бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі деп білемін.
Жалпы бүгінде тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – ғибратты, ғұмырлы һәм өшпес салт-дәстүрмен берілген ұлттық тәрбие тағылымы. Тәрбие саласы бойынша мектебімізде аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша жұмыстар атқарылды. Осы жоспар аясында сынып жетекшілері тәрбие сағаттарын өткізіп, мектепшілік бірнеше іс-шаралар өткізді. Аталған жоба бойынша жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздеп отырмыз. Білім беру ұйымдарының барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс табуы қажет. Мұны ешқашан естен шығарған емеспіз. Қала берді, әрбір ұйымдастырылатын шарада жоғарыда атап өткен құндылықтар арқау болады десем, артық айтпаған болар едім.
Білім ордасында оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру тетіктері де қарастырылған. Мәселен, мектепте сыныптан тыс 27 үйірме жұмыстары жүргізілді. Оған педагогикалық тәжірибесі мол ұстаздар жетекшілік жасады. Аталған үйірмелерге мектептің 400-ден астам оқушысы қатысты. Шәкірттеріміз спорт саласынан да көптеген жетістіктерге жетуде. Күні бүгінге дейін аймақтық, аудандық, облыстық жарыстарға белсене қатысты. Баскетболдан «Алтын доп» ұлттық мектеп лигасына, гандбол сайыстарына қатысып, облыстан жүлделі орынға ие болды. Бүгінде жетістікке жеткен жастарымыз білгенін кейінгі буынға үйретіп, спорттағы біліктіліктерін шыңдап жүр. Әрине, әрбір жеңістің артында ұстаздардың қажырлы еңбегі жатқанын ұмытпағанымыз абзал. Жалпы мектеп бағындырған белес көп.
Бала жанының бағбаны бола білген ұстаздарымыз да ұтымды ойы, терең білімі арқылы педагогтер байқауларында жоғары жетістік көрсетіп келеді. Осындай кәнігі мамандардан білім алған шәкірттеріміздің де қанжығасы жүлдеге толы. Атап айтсам, 12 ұстазымыз аудандық, 2 ұстазымыз облыстық, 22 ұстазымыз республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларға қатысып, марапаттарға ие болса, оқушыларымыз аудандық пән олимпиадалары мен түрлі байқауларға қатысып, 12 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 1 оқушымыз І орын, 6 оқушымыз ІІ орын, 5 оқушымыз ІІІ орын алды. Оқушылардың оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, жан-жақты болуға талпындыру, баланы еркін сөйлеуге дағдыландыру мақсатында «Халықаралық Экология, Инженерия және Педагогика ғылымдар академиясы» қоғамдық қоры 2024 жылы қаңтардың 27-күні, Киелі Түркістан қаласында «Түркістан ғылым фестивалі: жастар әлемді зерттейді» тақырыбында Республикалық ғылыми жобалар қорғау және ұлы ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша 1-11 сыныптың оқушылары арасынан 73 оқушы ата-аналардың қолдауымен қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мектебіміз «Ең белсенді мектеп» номинациясының жеңімпазы болып, кубокпен марапатталды.
Білім ордасының биікке жетуі басшыға тікелей байланысты. Осы орайда, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету, ұстаздар мен оқушыларға шығармашылық орта қалыптастыру сынды басым бағыттарды үнемі назарда ұстап келемін. Бүгінде бала тәрбиесі — түйткілді түйін, өзекті мәселе. Сондықтан «ата-ана – мектеп – ұстаз» деген үштағанымыздың тұғыры биік, тамыры терең болуы шарт. Бұл бағытта да сынып жетекшілерімен үнемі байланысып, мәселе туындаса шешуге тырысамыз.
Мектеп – ұлттың, ұрпақтың ұстаханасы. Дәл осы жерде білім алған әрбір шәкірт болашақта мемлекеттің бір бөлшегі болады. Мектеп мықты болса, ұлт пен мемлекеттің мерейі үстем болады. Тәрбие ақсаса, ұлттық құндылық ұсақталады, ұлттың сапасы нашарлайды. Ал білім берілмесе, өскелең ұрпақтың бәсекеде бәсі биік болмайды. Осы бір құндылықтар қашан да жадымда болған, бола бермек те. Меніңше, әрбір ұстаз осы бір ұғымдардың астарына үңіліп, мәнін ұқса, кемел келешектің кілті қолында екенін айқын түсінер еді деп ойлаймын.
Ғ. САПАРБЕК,
№76 мектептің директоры.
Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылы.