Мектеп – барлық рухани өркениеттің ошағы. Яғни, ол тұлғаның өз бетімен білімін жетілдіруіне жағдай жасайтын, таңдау мүмкіндіктерін туғызатын, еркін және шығармашылық тұрғыда дамуына үлес қосатын орта. Мектептің басты міндеті – ең алдымен, саналы да ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеп шығу. Бүгінгі жаһандану заманында білім беру ісінде, жас ұрпақты тәрбиелеуге жаңа көзқарастар пайда болды. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесін арттырып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпаққа білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мектеп болашаққа бастайтын, рухани азықтандыратын алтын ұя болса, ал мұғалім – сол шаңырақтың тірегі, сүйеніші.
Жүрегі таза шынайылық пен ізгіліктің нұры шамшырақтай жанған сырға толы кішкентай, бірақ үлкен жүректі жандардың қасынан үнемі табылатын мейірімді жан – ұстаз. Ұстаз – шәкірттерінің жан дүниесін қалыптастыратын және шәкірттердің жақсы қасиеттерінің өсуіне себепкер болатын, сонымен қатар, шәкірттің жүрегін, жанын азықтандыратын адам. Ұлы дана хәкім Абай айтқандай, «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз-тұл». Адам баласының кісі боп қалыптасуы көбіне ұстазға байланысты екенін ерекше атап өту керек. Біздің мектепте мұғалімдермен қатар, педагог –зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор жұмыс атқарып келеді.
Білім – бұл қазына, оның кілті – еңбек, ал қорғаушысы – ақыл. Білімді, еңбекшіл, ақылды ұстаздарымыздың марапаттары мен жетістіктері өте көп. Айталық, бастауыш сынып мұғалімі Алимова Жұмақыз Арыс қала әкімінің қолынан марапат алды. Бастауыш сынып мұғалімі Бакирхужаева Дилфуза «ПЕДСТАРТ» байқауына қатысып, І орынды жеңіп алды. Орыс–тілі пәнінің мұғалімі Қалтаева Гүлчехра да «ПЕДСТАРТ» байқауында І орыннан көрінді. Ал, Пашекев Нұрлан мен Арқабай Мәрзияның саладағы жетістіктерін ескере отырып, қалалық білім бөлімінің басшысы Алғыс хатпен марапаттады.
2023-2024 оқу жылында шәкірттеріміз де білім бәйгелерінде жеңіс тұғырынан көрініп, шыңдарды бағыдыра білді. Атап айтар болсақ, республикалық 2023-2024 оқу жылындағы математика пәнінен «Алтын сақа» олимпиадасының қалалық кезеңінен бірнеше оқушымыз жүлделі орындарды алды. 4 сынып оқушылары Айтбай Нұрдаулет, Садуақас Гүлсезім математика пәнінен өткен сайыста ІІ орынды жеңіп алса, 3 сынып оқушылары Нұрлан Інжу Мырзабекқызы мен Баку Айшабибі Ауесханқызы І орынды иеленді.
Сонымен қатар, 11 сынып оқушылары Мамутова Мәншүк Нүрпейісқыз мен Тастан Төлеп Анарбайұлы математика пәнінен өткен сайыста І орыннан көріне білді. 6 сынып оқушысы Досалы Бағылан ағылшын тілі пәнінен өткен сайыста ІІ орынды, 7 сынып оқушысы Ахметова А мен Бәкір Әләзиз орыс тілі пәнінен өткен сайыста ІІ орынды, 8 сынып оқушылары Қалтаева Г мен Тастан Балауса математика пәнінен өткен сайыста ІІ орынды, 8 сынып оқушылары Шұлғаубаев Е мен Сүгір Ақерке орыс тілі пәнінен ІІІ орынды жеңіп алды.
8 сынып оқушысы Досалы Дилназ химия пәнінен өткен сайыста ІІІ орынды, 8 сынып оқушысы Арқабаева Г мен Тұрсынбек Балауса физика пәнен өткен сайыста ІІ орынды, 8 сынып оқушылары Омархан М мен Сапарбай Бейбіт орыс тілі пәнінен өткен сайыста ІІ орынды, 9 сынып оқушылары Хоранбаева Ш мен Әлімжан Инабат қазақ тілі пәнен өткен «М.Мақатаев оқулары» байқауында жүлделі орындарды иеленді.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында білім саласының дамуына ерекше көңіл бөліп, Үкіметке нақты тапсырмалар береді. Соның нәтижесінде, елімізде білім саласында көптеген өзгерістерді байқауға болады. Статистикалық деректерге сүйенсек, Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Республикадағы әрбір жетінші оқушы біздің облысымызда. Сондықтан, бізде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды деуге болады. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жемқорлық жолымен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, ол мектеп құрылысына жұмсалуда. Осы қор арқылы облыста 20 мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Бұл 20 мектептің 13-і биыл пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілмек. Осы жылы облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Онда 14 мың оқушы білім алатын болады. Биыл үнемделген қаражат есебінен 350-ге жуық білім беру мекемесін жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз.
Одан бөлек, биыл облыстағы 62 мектепте 265 арнайы пәндік кабинет жасақталмақ. Оған бюджеттен 3,5 млрд. теңге қаралған. Сонымен қатар, мектептердегі интернет сапасын жақсартуға да көңіл бөлінуде. Білім саласында үнемделген қаржы есебінен (630 миллион теңге) 330 мектепке «Starlink» құрылғысы орнатылды.
Үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда. Тағы ерекше бір айта кетерлік жаңалық, республикада бірінші болып облысымыздың 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқыту басталды. Тың бастамаға Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті де өз үлесін қосып отыр. Айта кетейік, елімізде қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында мұғалімдерге деген сұраныс артпақ. Білім саласында педагог мамандардың кәсіби шеберлігін көтеруге де айрықша көңіл бөлініп отыр.
Ерлан ШҰЛҒАУБАЕВ,
М. Маметова атындағы № 5 жалпы білім беретін мектептің директоры.
Арыс қаласы.