Төлеби ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 мектептің және бұған қоса 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыстары қарқынды жүруде. Атап айтсақ, олар –Алатау ауылдық округі, Қосағаш елді мекенінде 300 орынды, Көксәйек ауылдық округі Көксәйек елді мекенінде 600 орынды, Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінде 900 орынды мектеп ғимараттары.
Бүгінде үш «Жайлы мектептің» сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы қолға алынған. Айталық, Қосағаш елді мекеніндегі 300 орынды мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын «Содбис Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде білім беру мекемесіне электр жүйесін, ауыз су құбырын, газ құбырын, телефон желісін тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Сондай-ақ, Достық елді мекеніндегі 900 орынды мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы тартылып, жол салу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Construction Group SAMRUK» ЖШС. Көксәйек елді мекеніндегі 600 орынды мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысында да қарқын бар.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17 800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде.
Жалпы елімізде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ең көп мектеп Түркістан облысында салынуда. Облыста 2023-2025 жылдары сыйымдылығы 49 мың орынды 63 заманауи мектеп құрылысын салу жоспарланған. 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін 29 жайлы мектепке (22900 орынды) 21071 оқушы барады деп күтілуде. Осы 29 мектептің 22-сі жаңадан ашылады. Олардың 7-уі апаттық, ескі қолданыстағы мектептің орнына салынады. Онда 2505 педагог жұмыс істейтін болады.