Бүгін аудандық мәдениет үйінде әдебиетіміздегі үздік туындыларды оқу және насихаттау, жас ұрпаққа рухани және патриоттық тәрбие беру, балалар арасында кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты аудандық іріктеу байқауы өтті. Байқауды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, кітап оқуды маңыздылығына тоқталып, көпшілікті кітап оқуға шақырды. Кітаптың сананы өзгертіп, адамды дамуға бастайтындығын айтты.
Байқауға осы жылы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында шығармалары таңдалып алынған және 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатқан, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы ұсынылған болатын. Байқауда үміткерлер «Менің отбасым және кітапхана»(бейнеролик), «Балалық шаққа саяхат»(отбасымен бірге сахналық көрініс), «Зияткерлер алаңы» (сұрақ-жауап) кезеңдері бойынша өнерлерін көпшілікке ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар шешімімен Әңгірата ауылдық кітапханасының оқырманы Әбдіжаппар Саян бас жүлдені иеленді. Аудандық орталық кітапхана оқырманы Убайдулла Мерей І орын, Қаратөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Күзембай Жания мен Кеңесарық ауылдық кітапханасының оқырманы Жақсылық Думан ІІ орын, Көксәйек ауылдық балалар кітапханасының оқырманы Абдсаттар Мақпал мен Екпінді ауылдық кітапханасының оқырманы Өмірбек Өмірзақ ІІІ орындарды иеленді. Басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Байқау соңында өнерлі жастар әсем әндер орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.