Арыс қаласына қарасты Онтам ауылында көптен күткен 150 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұған дейін ауыл оқушылары көрші ауылдарға қатынап оқитын. Енді балалар жеке инвестор есебінен салынған жаңа, заманауи білім ордасында білім алады. Ауылдастардың қуанышымен бөлісуге қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл мен ардагерлер, ата-аналар мен тұрғындар қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі жаңа мектептің ауылға тек білім беріп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік дамуына да серпін беретінін атап өтті. Әкім мектеп салып, ауылды дамытуға өз үлесін қосқан жеке инвесторға алғысын білдіріп, жаңа оқу орнының ауыл тұрғындары үшін үлкен маңызы бар екенін айтты.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалынған. Мұнда кең әрі жарық оқу кабинеттері, спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, пәндік сыныптар, асхана мен демалыс аймақтары қарастырылған. Мектептің қауіпсіздігі де ерекше назарға алынып, бейнебақылау камералары мен өрт қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Оқушылардың демалыс және спортпен айналысуы үшін ашық спорт алаңдары да бар.
Оқушылар мен ата-аналар үшін бұл үлкен қуаныш болды. Жаңа мектептің ашылуы балалардың енді өз ауылында сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, ата-аналардың алаңдауын азайтты. Онтам ауылында ашылған бұл жаңа мектеп болашақта ауылдың дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.