Діни тұрақтылық – кез келген қоғамның тұрақты дамуының маңызды элементі. Қазақстанның көпконфессиялы және мәдени әртүрлілігі діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің ерекше маңыздылығын көрсетеді. Бұл мақалада діни тұрақтылықтың ел дамуына, әлеуметтік және экономикалық өркендеуге әсері талданады.
Діни тұрақтылық – қоғамдағы адамдардың діни наным-сенімдері мен мәдени ерекшеліктеріне құрметпен қарау. Бұл елдің ішіндегі бейбітшілікті, келісімді және қоғамдық бірлікті қамтамасыз етеді. Қазақстанның түрлі этникалық топтарының өкілдері арасында өзара сыйластықты қалыптастыру діни тұрақтылықты нығайтады. Тұрақты діни ахуал қоғамның ынтымақтастығын арттырып, әлеуметтік үйлесімділікті күшейтеді.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары Қазақстанға түрлі діни ағымдардың көптеп келгені ақиқат. Дін атын жамылған олардың іс-әрекеті мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынып, тиісті шаралар қабылданды.
Дін – адам құқығының, оның пайда болуынан бастап қатар келе жатқан табиғи феномені. Алайда заман мен уақыттың өзгерісіне сай, қазіргі әлемде діннің қоғам арасында өз мәнін анықтау, құндылықтар жүйесін түзу және қоғамдағы бағдарлық қызметтері секілді оң функцияларына қосымша, оның (діннің) атын жамылып бөлектенуге, оқшаулануға, белгілі бір қоғамға, мемлекеттік билікке қарсы пиғылдар қалыптастыруға пайдалану әрекеттері көптеп байқалуда.
Біздің көпұлтты еліміз үшін қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім маңызды рөлге ие. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім – Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік Елге» айналу жолындағы басты игіліктерінің бірі. Әртүрлі этникалық және көпконфессиялы көрсеткіштер елдің демократиялық бағытта дамуына ықпал етуде.
Діни тұрақтылық — экономикалық даму үшін де маңызды. Бейбітшілік пен келісімде өмір сүрген қоғамда инвестиция тарту, бизнес ашу және экономикалық белсенділікті арттыру мүмкіндігі жоғары. Діни экстремизм мен конфликтілерден аулақ болу елдің экономикалық әлеуетін нығайтады. Мысалы, Қазақстандағы діни ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы диалог экономикалық жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі.
Діни тұрақтылық — әлеуметтік мәселелерді шешуге де ықпал етеді. Діни ұйымдар қоғамдық қызметте белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Олар білім беру, әлеуметтік қорғау және жастар арасында оң бағыттағы тәрбие беру арқылы қоғамды дамытуға ықпал ете алады. Мысалы, Қазақстанда діни ұйымдар балалар мен жастардың білім алуына, рухани тәрбиесіне көңіл бөліп, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге ықпал етіп келеді.
Діни тұрақтылық — саяси тұрақтылықпен де тікелей байланысты. Көпконфессионалды қоғамда діндер арасында үйлесімділік орнату мемлекет саясатының негізгі бағыты болуы тиіс. Діни алауыздықтар мен экстремизмнің алдын алу үшін мемлекет діндер арасындағы диалогты күшейтуі керек. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң діндердің қызметін реттеу арқылы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Діни тұрақтылық – ел дамуының тұғыры. Ол әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамның үйлесімді дамуына ықпал етеді. Сондықтан мемлекет пен қоғам арасында діни келісімді нығайту, діндер арасындағы диалогты арттыру – елдің тұрақты дамуы үшін қажет. Діни тұрақтылықты сақтау арқылы біз бейбіт және гүлденген Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосамыз.
Адамның ең басты құқығы – діни сенім бостандығы. Ең жақсы қоғам және мемлекет дін бостандығын қамтамасыз еткен қоғам.
А.Құрманбек,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім маманы