Бүгін теолог мамандар Кентау қаласында орналасқан Арнаулы кәсіптік колледжінде студенттермен кездесті. Дәл осындай басқосу Кентау қаласында орналасқан №7 колледж бен «Кентау» колледжінде де өтті. Басты мақсат — дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм, терроризм, және кереғар ағымдардың алдын алу.
Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Көпшілік алдында алғашқы сөзді алған теолог маманы Б.Өтеген діни тұрақтылық — саяси тұрақтылықпен де тікелей байланысты екендігін жекізді.
«Көпконфессионалды қоғамда діндер арасында үйлесімділік орнату мемлекет саясатының негізгі бағыты болуы тиіс. Діни алауыздықтар мен экстремизмнің алдын алу үшін мемлекет діндер арасындағы диалогты күшейтуі керек. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң діндердің қызметін реттеу арқылы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған» — деді ол. Сондай-ақ, діни тұрақтылық – ел дамуының тұғыры екендігін жеткізді.
«Ол әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамның үйлесімді дамуына ықпал етеді. Сондықтан мемлекет пен қоғам арасында діни келісімді нығайту, діндер арасындағы диалогты арттыру – елдің тұрақты дамуы үшін қажет. Діни тұрақтылықты сақтау арқылы біз бейбіт және гүлденген Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосамыз. Адамның ең басты құқығы – діни сенім бостандығы. Ең жақсы қоғам және мемлекет дін бостандығын қамтамасыз еткен қоғам» — деді Б.Өтеген.
Ал, теолог маманы Ұ.Құлтай жастарды жат ағымдардан сақтануға шақырды.
«Дін – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын құрал. Себебі, бірлік бар жерде – береке, бейбітшілік бар жерде – тыныштық, татулық бар жерде – достық қатынас беки түседі. Алайда дін атын қой терісін жамылған қасқырдай пайдаланып, халықты түрлі сенімге бөліп, өз мүдделерінің үдесінен шықпақ ниетті жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіріп отырғаны алаңдатады» — деді ол.
Сондай-ақ, жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айлы-шарғыларын жасайтындығын айтып өтті.
«Ия, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде» — деді Ұ.Құлтай.