Бүгін теолог мамандар Ы.Алтынсарин атындағы №1 жалпы орта мектебінде оқушылармен кездесті. Дәл осындай басқосу Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта мектебінде, Ә.Науаи атындағы №17 жалпы орта мектебінде, Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебінде, Ш.Қанайұлы №2 жалпы орта мектебінде де өтті. Басты мақсат — дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм, терроризм, және кереғар ағымдардың алдын алу.
Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.
Оқушыларды жат ағымнан сақтануға шақырған теолог маманы Б.Өтеген ислам діні мейірімділікке, ынтымаққа, жақсылыққа шақыратындығын жеткізді.
«Ата – бабаларымыз ондаған ғасыр бұрын Ислам дінін қабылдап діннің негіздерін дәстүрімізге айналдырды. Соның арқасында халықтың арасында ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Керісінше бауыр болып ынтымақта өмір сүрді. Кейінгі жылдарда жат ағым деп жиі-жиі айтылып келеді. Жат ағым өкілдерінің сөзінен кейде келіспеушіліктер байқалады. Тіпті салт-дәстүрге, әдет-ғұрпымызға да келіспейтін тұстарын байқауға болады. Ал дінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа ешқандай қарсылық жоқ» — деді ол.
Сондай-ақ, ел ішінде теріс пиғылдағы діни ағымдардың сыналап кіріп алғанына тоқталды.
«Өзге ұстанымды уағыздайтын олар ұлттық құндылықтарымызға қарсы әрекет етуге тырысады. Кейбірі салт-дәстүрді адасқан ата-бабаның сарқыншағы деп, ырымға қырымен қарайды. Ал домбыраны шайтанның құралына балап, ұлттық болмыстан айыруды көздейді. Бұл індеттің қауіп-қатері соңшалық уыздай ұйған әулеттерді іркіттей ірітіп, баласы шешесінің қолынан ас ішпейтін отбасылар пайда болды. Жат ағымның жетегінде жүргендер қоғам үшін қай кезде де қауіпті. Теріс ағымда кетудің бірнеше себебі бар екенін, оның басында білімсіздік тұрады» — деді теолог маман.
Жат ағым – адам денесіндегі дертке теңеген Б.Өтеген жастарды керағар ағымдардан сақтануға шақырды.
«Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерді дерт меңдейді. Сондықтан әр азамат дұрыс діни ақпараттармен өзінің білімін күшейтіп, дінді сенімді қайнар көздерінен үйреніп, рухани сүзгі қалыптастырса, теріс ағым ықпалынан сақтана алады. Діни сауат ашуды қалаған адам немесе көкейіндегі сұрағына жауап алғысы келген кісі діни мағлұматты интернет желілеріндегі белгісіз тұлғалардан емес, мешіт имамдарынан сұрағаны, бекітілген ұстаздардан үйренгені аса маңызды» — деді ол.
Ал, теолог маманы Ұ.Құлтай діни тұрақтылықты жайын түсіндірді.
«Бұл экономикалық даму үшін де маңызды. Бейбітшілік пен келісімде өмір сүрген қоғамда инвестиция тарту, бизнес ашу және экономикалық белсенділікті арттыру мүмкіндігі жоғары. Діни экстремизм мен конфликтілерден аулақ болу елдің экономикалық әлеуетін нығайтады. Мысалы, Қазақстандағы діни ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы диалог экономикалық жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Діни тұрақтылық — әлеуметтік мәселелерді шешуге де ықпал етеді. Діни ұйымдар қоғамдық қызметте белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Олар білім беру, әлеуметтік қорғау және жастар арасында оң бағыттағы тәрбие беру арқылы қоғамды дамытуға ықпал ете алады. Мысалы, Қазақстанда діни ұйымдар балалар мен жастардың білім алуына, рухани тәрбиесіне көңіл бөліп, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге ықпал етіп келеді» — деді ол.