Алашорда қайраткері Смағұл Сәдуақасов: «Қазақ елі… мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып алуы керек»,-деп болашақ ұрпаққа өнегелі сөзін қалдырған. Қазақтың ұлттық келбетін анықтаушы маңызды құндылықтар қатарына дін де жатады. Ұлттың рухани жаңғыруы жолында дәстүрлі діни танымнан алшақтамаудың маңызы өте зор. Себебі қазақ ұлтын ұйыстырған қайнар көздердің біразы өз бастауын діннен алған. Қазақ халқы арасында кеңінен таралған «Дінің тұрсын дін аман» деген мәтелдің тағылымдық мәні жоғары.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Түрлі тарихи оқиғалар болса да дәстүрлі діннің тағылымы негізінде болған. Дін мен дәстүр қашанда бір-бірімен сабақтасып келген. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Жер шары халықтарының көп бөлігі өзін белгілі бір сенім-наным жүйесімен байланыстырады. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.
Дәстүрлі діни таным – халықтың дүние танымымен, салт-дәстүрімен, мәдениеті мен өзара үйлесім тапқан рухани құндылықтар жүйесі. Қазақ руханиятындағы исламның салмақты орны 2011 жылы 11 қазанда қабылданған
«ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының преамбуласында да аталып, елімізде «Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатыны» көрсетілген. Осы заңда аталғандай ханафи бағытындағы исламның мемлекетіміздің тарихында алатын орны ерекше. Ғасырлар бойы қазақ ұлтын ұйыстырған, татулығын сақтаған маңызды құндылық дін болатын.
Қазақ халқының діні, дәстүрі, дүниетанымы ғасырлар бойы өзара кірігіп, бөлінбес бірегей құндылыққа айналды. Дәстүрлі құндылықтардың сақталуы мен жандануы ұлттық болмысты сақтап, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ. Бүгінгі біздің міндет – дінімізді, салт-дәстүрімізді ұлықтай білу, ғасырлардан бері жалғасқан ұлттық тамырдың сабақтастығын үзбеу болып табылады. Осы орайда қазақ қоғамына дін мен дәстүр құндылықтарын жаңғыртушаралары аса қажет. Бұл мақсатта, ең алдымен ұлт бойындағы рухани әлеуетті тиімді пайдалануды ескерген жөн. Қазақ халқының бойында сан ғасырлардан бері келе жатқан дінге қатысты өзіндік тамыры терең жол бар. Ол халықтың рухани-моральдық ұстанымдарында (ар, ұят, обал, сауап т.б.) көрініс тапқан. Бүгінгі міндет аталған негіздерді күнделікті өмірде басшылыққа алу және жастарға насихаттау болып табылады.
Ислам діні қазақ ұлтының ұлт ретінде қалыптасуына, әдеп пен құқық нормаларының орнығуына тікелей әсер етті. Дін ислам қазақ даласындағы материалдық және рухани мәдениеттің өрістеуіне жол ашты. Ж.Баласағұн, Қ.А.Яссауи, А.Йүгінеки, А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпеев, Ғ.Қараш, Ә.Кердері т.б. ойшылдар қарапайым халыққа дін насихатын биік дәрежеде жеткізді. Бүгінгі заманда да ислам қазақ ұлтының бірегейлігінің сақталуына, рухани жаңғыруына, ұрпақ тәрбиесінің дұрыс арнада болуына өз үлесін қоса алатындығы ақиқат. Дәстүрлі діни сана ұлттық қайнар көздермен сабақтасқан маңызды құндылық. Оның арнасы дұрыс бағытта жүрсе қазақ ұлты да жаһандану заманында өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап қала бермек.
Дәстүрлі Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы кереғар діни топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер. Дәстүрді дәріптеп ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра деп қадірлеп ұстансақ діннен де шет қалмасымыз анық. Себебі қазақ сондай дана болған әрдәстүрдің түбінде дінді ұштастырып отырған.
Қазіргі таңда әртүрлі бағыттағы діни ұйымдар өз жақтастарын көбейтуге тырысуда. Осыған байланысты біз ұлттық тұтастығымызға қауіп төндіретін діни ағымдарға дәстүрлі діни танымымызды ұлықтау арқылы ғана қарсы тұра алатынымызды есте ұстаған жөн. Отанын сүйетін, ата-бабалар аманатына адалдық танытқысы келген әрбір азамат, әрбір отбасы шетелдік идеологиялараясында қалыптасқан діни ағымдардан өз бойын аулақ ұстағаны абзал.
Қорыта айтқанда, ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету – баршаға парыз. «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана теріс ағымдар насихатына тосқауыл қоя аламыз.
Айдос Құрманбек,
теолог маман