Адам өміріне қауіп төндірген сындарлы кезеңнің сын-қатерімен бетпе-бет келген бүгінгі әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қазақ Елі үшін бірлік пен бейбітшілік – басты байлық, баға жетпес құндылық.
«Тозған қазды топтанған қарға алады», – дейді халқымыз. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Достық пен татулық ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады.
Ал пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) мұсылман үмбетіне жолдаған қоштасу сөзінде: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деп өсиет қалдырған.
Адамзат тарихына үңілетін болсақ, бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп алпауыт мемлекетке айналғанын көресіз. Ал бірін-бірі көре алмай, береке-бірлігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да куәміз.
Кісі қоғаммен бірге өмір сүруге мұқтаж. Ал қоғам мүшесі болған адам еліндегі Заң және өзіне жүктелген міндеттерден сұралады. Бұндай жауапкершілікті сезінген адам кісінің құқығын қорғау және өзіне жүктелген міндеттің қасиетіне илануы керек. Бұл істі қасиет тұтып қастерлеген ол – ислам.
Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да ықыласты және дұрыс жұмыс жасаса, ондай қоғамда тыныштық пен ынтымақ өздігінен қалыптасады. Өйткені ешбір адам жалғыз өзінің қауіпсіздігі мен мұқтаждығын толықтыра алмайды.
Алла елшісі ынтымағы мен бірлігі жарасқан қоғам құру қажеттігін мына хадисімен керемет баян етеді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Күмәннан сақтаныңдар, өйткені күмән – жалғанның ең сорақысы. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді ақтаруға және естуге әрекеттенбеңдер. Бір-бірлеріңнің жеке ісі және сырларыңды іздемеңдер. Мансапта менмендікке бармаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер, бір-біріңе ашуланып, бетқараспай кетпеңдер. Ей, Алланың құлдары! Бір-бірлеріңе бауыр болыңдар», – деген.
Мәдина шаһарында Әус және Хазраж атты екі тайпа болатын. Бұлар Ислам діні келгенге дейін ықылым заманнан бері бір-бірімен қырықпышақ болып келген еді. Ислам келгеннен кейін екі тайпа бір-біріне бауыр болып, арадағы дүрдараздыққа нүкте қойылған. Осы екі тайпадан бір топ мұсылман сұхбаттасып жатқанын көрген Шас ибн Қайс есімді жауыз мұнафық, олардың арасына от салу мақсатында яһудилерден бір жас жеткіншекті шақырып, бір-бірімен ұйыған айрандай тату-тәтті әңгіме дүкен құрып отырған мұсылмандар арасына отырып олардың бұрынғы замандағы бір-бірлеріне қас дұшпандықтарын естеріне түсіріп, олардың тыныштығын бұзғысы келді. Әлгі жас жеткіншек Шас ибн Қайстың айтқанындай істеді. Екі тайпа арасында өткен «Бұас» шайқасының жарасын тырнай бастады. Өткенді еске түсірген екі тайпа ашу-ызаға бой алдырып, бір-бірлеріне ауыр сөздер айта бастады. Бұның соңы үлкен дау-дамайға айналды. Екі тайпа қаруларын алып Харра деген жерде майданға жиналып, шайқасуға бел байлады. Жағдай өте қатты шиелене түсті. Бір-біріне деген дұшпандықтарын ұмытып, нағыз дін бауыр болып отырған екі тайпа, енді мұсылман дұшпанының тұзағына ілініп, бір-бірінің қанын төгу үшін бір жерге жиналды. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбар (с.а.с.) бір топ асхабымен әлгі жерге дереу жетіп: «Уа мұсылмандар! Бұларың не сұмдық? Алла сендерді ислам дінімен тура жолға бастап, сендерді күпірліктен құтқарып, бір-біріңе бауыр еткеннен соң тағы да сол баяғы күпірліктеріңе қайтпақсыңдар ма?» – деді. Бұл сөзден кейін екі тайпа өздерін шайтанның ойнына, дұшпандарының тұзағына іліккендерін аңдап, қаруларын тастап қол алысып құшақтасты және пайғамбарымызбен бірге ол жерден тарады.
Ауызбіршілікте бір даналы сөзге тоқтау көрсеткен ата-бабаларымыз күні бүгінге дейін жеткізіп, ынтымақ пен бірліктің арқасында алдыңғы қатарлы тәуелсіз ел атандық. Әрине, барлық адам тарақтың ұшындай бола бермейді. Ал, біздің міндетіміз – еліміздің ертеңін ойлап, отанымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайту.
Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан ата танымында бірліктің маңызы айырықша. Дана халқымыз «Бірлік болмай тірлік болмайды», «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп бірліктің алдында байлықтың да құнсыз екенін сезінген.
Қазақ халқының ел ретінде гүлденіп, қоғамының дамуы үшін әрбір кезеңде хандарымыз ұлтты ұйытатын заңдар шығарып, ел іргесін бекемдеп отырған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты заңдардың мазмұнында береке-бірлікті сақтауға бағытталған тармақтарға айырықша көңіл бөлген.
Қорыта айтқанда, қоғамның тыныштығын сақтаудың алғы шарты ретінде басшыға бағынуды, әрбір істе сабырлы болуды, қандай да бір жақсы бастаманы қоғамнан күтіп отырмай, әрбір азамат өзінен бастауы керек екенін ұғынамыз деп сенеміз. Ендеше, әрбіріміз тыныштықтың бағасын біліп, берекелі қоғамның уығы болып қадалғанымыз абзал.
Д. Аманов,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы