Әр адамның өмірінде туған елінің алар орны зор. Себебі ол жерде адам шырылдап дүние есігін ашты, алғашқы қадамдарын басты, білім алды,ер жетті, азамат атанды. Халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр Шаһары» дегендей, оның әр тау-тасы, өзен-көлі мен ну-тоғайы жаныңа ең жақын, ең ыстық. Расында сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Ал енді біреулері, керісінше, туған жерін тастап шет елге асыға кетеді. Осындай кезде «Өз үйім — өлең төсегім» дегенді ұмытпау керек. Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» — деп туған жердің қасиетін текке ерекше бағаламаған. Сондықтан әрқайсымыз Отанмызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек.
Ата-баба армандаған егемендікке 1991 жылы қол жеткіздік. Тәуелсіздік – мемлекеттің және ұлттың тарихындаы ерекше бет, қазақ халқының ғасырлық арманы. Көптеген ғасырлар бойы қазақ халқына тәуелсіздік пен егемендік үшін күресуге тура келді. Тәуелсіздіктің арқасында бақытты балалық шаққа кенелдік.
«Аттың жалында, атанның қомында» дүниеге келіп, тірлік кешкен қазақ сынды уақыт пен кеңістікті бағындыра білген халық жер жүзінде кемде-кем шығар. Көшпенділердің тарыдай шашылған ұрпағы көк теңіз асып, құрылықтарды көктей өтіп, жазиралы өңірлер мен өлкелерді уысында ұстады, ұлттар мен ұлыстарды танып-білді. Кеңестік империяның «темір торына» түскен қазақ осындай еркіндігінен ұзақ уақыт қол үзіп қалды. Шет жұрттарға тек билікке «сенімді» өкілдер ғана жіберілді. Ал білімге ұмтылған жастардың оқу іздеп, өзге мемлекеттерге баруына, ел көріп, жер көруіне тосқауыл қойылды, тіпті шетел тілдеріндегі оқулықтарды, газет-журналдарды пайдалануға тиым салынды, осылайша шынайы ақпаратқа жасанды жолдармен кедергі келтірген кеңестік билік сол арқылы халқымыздың өскелең ұрпағын мәңгүрттендіру саясатын ұстанды. Міне, алыстан орағытып, өзгелерді өшіруді көздеген осынау зымиян пиғыл, сұм саясат еркіндікті аңсаған халқымыздың ғасырлар бойы қан төгіп қорғаған, көксеген тәуелсіздігін тізгіндеп келді.
Бұл күннің мәні де, маңызы мен мағынасы да айрықша. Азаттық үшін арпалысқан ата-бабаларымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік күні ретінде арайланды. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» аталатын жаңа тұрпатты мемлекеттің туы көтерілді.
Биыл Тәуелсіздігімізге 33 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыздың аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз үш жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен, қиындығы мен қуанышы, дағдырысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Бізде осындай жолмен өтіп келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз керек. Президент айтқандай, біз үшін аса қымбат дүние-тәуелсіздік. Тәуелсіздік дегеніміз тәтті қиял емес, ол – мемлекет құраушы ұлттың, сол елді мекендейтін басқа да халықтардың мақсат-мүдделерін қорғайтын қисын-қағидаттары, мемлекетті басқару институттары, билік жұмысын асқан көрегендікпен жүргізе білетін саяси басшылығы бар дербес мемлекет туралы қасиетті ұғым.
Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік керек. Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің: «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет», деген ойлы сөзі бар. Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер әрбір азамат мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін.
Б.Абдрахман,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің
теолог маманы