Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтті. Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды. Алқалы басқосуда сөз алған Ертай Алтаев қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала отырып, БАҚ өкілдері тек ақпаратты жеткізіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік саясатты қабылдауын қалыптастыратынын жеткізді. Одан бөлек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев сөз алып, этносаралық мәселелерді жариялау мәселесінде журналистер қауымында жауапкершілікті қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, шарада «Turkistan Media Holding» ЖШС атқарушы директоры Тельман Бейсен мен «Қызмет» газетінің Бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі туралы ой қозғап, сындарлы пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара барысында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Шаңырақ» шығармашылық байқауының таныстырылымы өтті. Аталмыш байқау 2025 жыл — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Президенттің «2025 жыл — жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты ұйымдастырылуда. Осы ретте, әлеуметтік желі қолданушылары үздік жазбалар бойынша «Бауырлас» атты тақырыпта өзара бақ сынайды. Байқаудың жүлде қоры — 1 000 000 теңге. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері 25 қазан — Республика күні қарсаңында марапатталады.



