«Қазақстан халқына» қоры құрылғаннан бері 3 жыл өтті. Осы уақыт ішінде ұйымның қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру нәтижелері туралы «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев баяндама жасады.
Оның айтуынша, Қор бір реттік көмек көрсету үшін ғана емес, көптеген жыл бойы назардан тыс қалған жүйелі мәселелерді шешу үшін құрылған.
Қордың жобалары ауылдық білім беруді, денсаулық сақтау, оңалту, әлеуметтік қолдау, мәдениет, балалар және инклюзивті спортты дамыту және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік бере отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қордың қайырымдылық жобалары Қазақстанның әр өңірінде бар, олар ауылдарды, моно және шағын қалаларды қамтиды.
«Қазақстан халқына» қоры 104 қайырымдылық бағдарлама мен жобаға бастамашы болды, олардың 62-сі жүзеге асты. Бұл жобаларды қаржыландыруға 240 млрд теңге бөлінді.



