Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттігі туып отырғанын да тілге тиек етті. Айта кетейік, былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны жағынан алдыңғы қатарлардан көрінген болатын. Президент бұған көктемгі егіс науқанында берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жетіп отырғанын айтты. Бұйыртса, ағымдағы жылы осындай науқандық жұмыстарға кемінде 700 млрд теңге дейін қаржы бөліп, арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылшаруашылығы саласын өркендету бағытында атқарылып жатқан осы және өзге де мәселелерге тоқталды. Соның ішінде шаруаларға тиімділігі төмен субсидия бере бергенше, жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажеттігін баса айтты.
— Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек.
Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты, — дей келе Президент ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталды. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керектігін айтты.
— Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.
Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр, – деді Мемлкет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Түркістан облысының ауылшаруашылығы саласында мақтанатын нәтижелері өте көп. Мәселен, өңірімізде қарқынды бау қарқынды даму үстінде. Облыстың климаттық ерекшелігі қарқынды бау және жылыжай шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Жылыжай шаруашылықтары соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимон өсіру технологиясын үйреніп, оны кеңінен қолдануға көше бастады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы жаңа техникалардың қатарын көбейтуге де басымдық беріліп отыр. Бүгінде өңірімізде 50 мың гектарға су үнемдеу технологиясы орналастырылды.
Еліміздегі ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой-ешкі етінің 75 пайызы біздің өңіріміздің еншісінде болып отыр. Мал шаруашылығын дамытуда инвесторлар қой және ірі қара мал етінің жаһандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіретін Австралия әдісін пайдалануға қызығушылық танытуда. Егер де бұл жоба жүзеге асатын болса, 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, Сайрам ауданында «1500 ірі қара малды сою және өңдеу» және «Мал сату биржасы» жобасын, Ордабасы ауданында «30 мың қой бордақылау және 10 мың ірі қара мал бордақылау кешені» және «30 мың қой бордақылау алаңы» жобаларын іске асыру жоспарланған. Бұлар толықтай қолға алынған жағдайда ет экспортының көлемі үш есеге артатын болады.
Камалбек Беркимбаев,
Кентау қалалық мәслихатының депутаты



