Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Мұқағалимен сырлас» атты поэзия кеші өтті. Әдеби шара «Түнгі кітапхана» жобасының аясында ұйымдастырылып, ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын дәріптеуге бағытталды.
Кітапхана кіреберісіндегі арнайы көрме мен ақынның үлкен көлемді суреті оқырман қауымға ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері қойылды.
Әдеби жиынға зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер, кітапхана оқырмандары қатысты. Олар ақын жайлы естелік айтып, өлеңдерін оқыды. «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің «Jana lep!» өнер ұжымының таланттары Мұқағали Мақатаевтың поэзия әлемінен сыр шертіп, әдеби дуэль ұйымдастырды. Сонымен қатар, көрермен назарына ақын шығармаларына арналған әдеби қойылымдар ұсынылды.