Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған әрбір жолдауында отандық бизнесті дамыту жайына тоқталады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан қолдаулар да көп.
Үстіміздегі жыл Кентау қаласы үшін табысты жыл болды. Қай саланы алып қарасаңыз да ілгерілеу бар. Соның ішінде шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте әйел кәсіпкерлердің еңбегі де елеулі.
Кентау қаласының тұрғыны Нұрсұлу Шаханованың кәсіп ашуды қолға алғанына көп бола қойған жоқ. Арнайы курстан өткен ол, қайтарымсыз грант ұтып алды. Кондитер өнімдерін жасайтын оның өнімдері сұранысқа ие. Бөлінген грантқа арнайы пеш, тоңазытқыш және миксер алып келді. Қазір той-жиындарға тапсырыс қабылдап, өз үйінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Болашақта кәсібін кеңейтіп, үлкен наубайхана ашу жоспары да бар. Сол жолда тынбай еңбек етіп келеді.
«Бастау бизнес» жобасы маған қажетті техниканы сатып алуға мүмкіндік берді» деп әңгімесін бастады Нұрсұлу.
«Үйде отырған соң неше түрлі тағамдарды, тәттілерді пісіресің. Жалпы менің қолымнан келетін іс тамақ пісіру, іс тігу және тағы да басқа дүниелереді әсемдеп жасау. Бұл менің хоббиім, Үйде отырған соң, бәліш, самса, пайдалы шырындар жасай бастадым. Дәмді шықты. Отбасыма, көпшілікке ұнады. Кейін таныстарым тапсырыс бере бастады», — деді Нұрсұлу Шаханова.
Ең бастысы – Нұрсұлу жасаған тәттілер химиясыз, табиғи таза өнімнен жасалады. Көп балалы ана тәтті өнімдердің 20-дан аса түрін әзірлейді. Соның ішінде, әсіресе «Вупи пай» деп аталатын тәттіге сұраныс аса көп. Өнімнің жоғары сапасы мен сырт келбетінің көркемдігі үшін ғана емес, бағасының қолжетімді болуына да аса мән береді. Өнімдерін тұтынушылар Кентау қаласының тұрғындары. Көпшілігінде қала дүкендеріне жеткізіп береді. Арнайы тапсырыс арқылы сатады.
«Қазіргі уақытта тәттілерді үйден пісіріп, сатамын. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ/ЕСП) төлеп жұмыс жасаймын. Осыған дейін мен торттарды тек өзіміз үшін ғана пісіретінмін, тапсырыс алмағанмын. Грант алып, шеберлік сағатынан өткеннен кейінгі тапсырыс қабылдай бастадым», – деді ол.
Қазіргі таңда қолдан пісірілген таза табиғи торттарға тапсырыс көп түседі.
«Кейде аптасына 2-3 торт, 500 бәліш пен самса пісіретін кездерім болады, кейде мүлдем тапсырыс болмауы да мүмкін. Кей уақытта 200-300 шақты самса пісіріп дүкендерге өткіземін. Мысалы, көктем және жаз айларында тапсырыс өте көп болды, сол кездері мен демалыссыз жұмыс істедім. Бір айда 100 мың теңге табыс табатын кездерім болады. Сұранысқа қарай, тапсырыс бойынша тәттілердің барлық түрін пісіремін. Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барымды салып жұмыс жасап келемін. Қазір бәрі тез дамитын заман, торт өндіру саласыда жыл санап дамып келеді. «Шығын болмай, кіріс болмайды» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Тапсырыс тұрақты болуы үшін өнімдерді сататын орын ашу қажет. Осы үшін әрекеттеніп жатырмын. Өйткені, болашақта кондитерлік өнімдер сататын дүңгіршек ашу жоспарымда бар», – деді Нұрсұлу.
Қарапайым халықтың экономикалық әлеуетіне әсер ететін негізгі күш – шағын және орта бизнес екені белгілі. Мемлекет тарапынан берілген грантты тиімді пайдаланып, өзінің кәсібін ашып, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін кәсіпкер әйелдердің Кентау қаласында да көбейіп келе жатқаны қуантады.