Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – кәсіпорындарындағы жұмысшылардың мәртебесін көтеруге бағытталған. Ондағы мақсат — қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау.
Еңбегіне адал жан –қоғамға, жақындарына құрметті әрі қадірлі. Қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген жанның бірі – Лаззат Ақайдарова. Ол Кентау қаласындағы №5 Жылу энерго орталығының операторы. Жылу инженері мамандығын бітірген ол бұл мекемеде 10 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде бес баланың анасы. Көпбалалы ана «Жұмыс кезінде өз еңбегіңе үлкен жауапкершілікпен қарау – басты ұстанымым» дейді.
«Ерлермен қатар иық тіресіп жұмыс істеп келе жатқанымды мақтан тұтамын. Бүгінгі күні еңбек ету керек. Қол жайып қарап отырғаннан түк шықпайды. Адал жолмен тапқан нан тәтті болады. Балаларыма да осы қағиданы әрдайым айтып отырамын. Жұмысшы мамандықтарына үлкен көңіл бөліп, арнайы жылды арнап отырған мемлекет басшысына айтар алғысым шексіз» — дейді Лаззат Ақайдарова.



