Биылғы Ұлттық құрылтай Бурабай жерінде өтті. Негізгі ерекшеліктеріне тоқталар болсам, биыл қоғамды толғандыратын өзекті мәселелердің кең ауқымы қамтылды. Президенттің сөйлеген сөзі мазмұны мен құрылымы жағынан жыл сайынғы Жолдаумен тең дәрежеде бағдарламалық сипатқа ие болды. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жасап, көптеген мәселенің жүйелі шешімдерін ұсынды және болашаққа арналған міндеттерді айқындады. Ұлттық құрылтай мүшелерінің екі күн бойы айтқан барлық негізгі ұсыныстары Президенттің сөзінде көрініс тапты.
— Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Заң және тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Ал біздің идеологиямыз – қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, мемлекеттің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты.
— Сіздер Ұлттық құрылтай аясында көптеген бастама көтеріп, игі істерге ұйытқы болып жүрсіздер. Отаншыл азаматтардың арқасында еліміз тұрақты дамып келеді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін біршама өзекті мәселелер талқыға түсті. Алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте болып, еліміздің болашағы үшін маңызды жұмыстарды бірге атқара береміз деп сенемін, — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ел Президенті өзге де маңызды бастамаларды көтерді.
Атап айтар болсам, олардың ішінде идеологиялық және гуманитарлық жобалар, Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу, Үкіметтік емес ұйымдар саласындағы заңнаманы жетілдіру, шетелде Абай институттарын ашу, Биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру, Ұлттық цифрлық архив құру, «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын іске қосу, Әр облыс орталығында ерекше балаларға арналған оңалту және даму орталықтарын ашу, Әр облыстық, аудандық орталықтарда, ауылдар мен кенттерде балаларға арналған футбол алаңдарын салу бар.
Талғат САДУОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты