Қазіргі уақытта қоғамда орын алып жатқан діни экстремизм мен радикализм мәселелері — еліміздің қауіпсіздігі мен жастардың болашағы үшін аса өзекті тақырыптардың бірі. Осыған орай Кентау қаласындағы Ш.Қанайұлы атындағы №2 жалпы білім беретін мектепте ата-аналармен арнайы түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналарға балалардың діни тәрбиесіне назар аударту, жастарды радикалды діни ағымдардың ықпалынан қорғау, сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы рухани бірлікті күшейту болды.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Бауыржан Абдрахман және Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің инспекторы Бейсен Самбетов қатысты.
Мамандар ата-аналарға деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың таралу жолдары мен жастарға тигізетін кері әсері жөнінде толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар, шетелдік күмәнді оқу орындарынан діни білім алудың қауіп-қатерлері, заңсыз уағыз таратушылардың әдістері мен ықпал ету тетіктері де жан-жақты түсіндірілді.
Б. Абдрахман өз сөзінде жастарды желілерде жарияланып жатқан жат әрекеттер мен ағымдарға ермеуге шақырды.
«Бүгінгі таңда балаларымыз интернет пен әлеуметтік желілер арқылы түрлі ақпараттармен бетпе-бет келеді. Дін тақырыбында таралатын күмәнді көзқарастардан оларды сақтау – ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігі. Сондықтан да діни білім мен рухани тәрбие тек заңды, ресми мекемелер арқылы берілуі тиіс», – деп атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын білдіріп, сұрақтар қойды. Мамандар әр ата-ананың баласына ашық түрде, сеніммен сөйлесуінің, олардың қызығушылықтары мен діни көзқарастарына бейжай қарамауының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында ата-аналар ресми дінтану бағытындағы ақпарат көздерін пайдалану, діни білімді еліміздегі заңды оқу орындарынан алу қажеттігі, сондай-ақ рухани құндылықтарды отбасында жүйелі түрде насихаттау туралы нақты ұсыныстар алды.
№2 мектепте өткен бұл жиын – рухани тәрбие мен діни сауаттылықтың отбасыдан басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай кездесулер жастарды теріс ықпалдан сақтандырып қана қоймай, ата-аналардың қоғамдағы маңызды рөлін де айқындайды.
Жастарымызды жат идеологиядан қорғау – ортақ міндет, ал бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз ақпараттандыру мен отбасы-мектеп-қауымдастық бірлігінде жүргізілуі тиіс.



