Бүгінгі қоғамда ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім – ел дамуының негізгі тірегі. Мемлекетімізде түрлі этнос өкілдері бір үйдің баласындай тату өмір сүріп, ортақ мақсаттар жолында еңбек етуде. Солардың қатарында Кентау қаласындағы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігі де бар. Бұл ұйым тек мәдени-рухани жұмыстармен шектелмей, қоғамға пайдалы, тәрбиелік мәні жоғары іс-шараларға белсене қатысып келеді. Зияткерлік сайыстарға қатысу, еріктілермен бірге қала тазалығына атсалысу, ардагерлерге құрмет көрсету – бірлестік мүшелерінің күнделікті дағдысына айналған.
Таяуда Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық «Ақыл-ой» атты зияткерлік сайыс өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған байқауға 10 команда қатысып, этнос өкілдері арасында өзара достық пен ынтымақты нығайтты.
Сайыс спорттың үш түрінен – тоғызқұмалақ, шахмат және үстел теннисінен өтті. Кентау қаласының намысын қорғаған Бахрам Базарбаев тоғызқұмалақтан жүлделі II орынға ие болды. Бұл – қала спортшылары мен этномәдени ұйымдарының белсенділігін дәлелдейтін қуанышты жаңалық.
Өзбек этномәдени бірлестігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар.
Әлішер Науаи атындағы №17 жалпы орта мектептің аға тәлімгері Шахла Абдухаликова жетекшілік ететін «Ерікті жас қыран» тобы қала тазалық қызметкерлеріне қолғабыс көрсетіп, қала ішіндегі көше мен аулаларды тазартуға атсалысты.
– Біздің бірлестік бұл бастаманы толығымен қолдайды. Сенбілік, бейсенбілік жұмыстарға жас еріктілермен бірге қатысып, тазалық мәдениетін насихаттаудамыз. Президентіміз айтқандай, «Таза Қазақстан» – бүгініміздің айнасы, болашағымыздың кепілі. Бұл іске әр азамат атсалысуы тиіс, – дейді бірлестік төрайымы Санабар Самиева.
Бірлестік жұмысының маңызды бағыты – жас ұрпақты тәрбиелеу, еңбекке баулу, аға буынмен рухани байланысты нығайту. Осы мақсатта түрлі еріктілік акциялар, тәрбиелік маңызы бар кездесулер мен патриоттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Санабар Садуллақызының айтуынша, алдағы уақытта да өзбек этномәдени бірлестігі қаланың әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қоса бермек. Бірлік пен ынтымақ – ел дамуындағы басты құндылық, ал оны нығайту – барша қазақстандықтың ортақ міндеті.



