Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Ел ішіндегі татулық пен этносаралық келісімді сақтау – бейбіт өмірдің кепілі. Осы орайда Кентау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылымдар мен қала әкімдігінің бірлескен отырысы өтті. Жиынды ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Садуов Талғат Нұралыұлы ашып, жүргізді.
Отырыстың күн тәртібінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясындағы іс-шаралар талқыланды. Бұл бағытта сөз алған қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Кривенцова Маржан Қазыбайқызы балалардың әл-ауқатын арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы аналардың рөлін күшейту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар жастардың азаматтық белсенділігі мен патриоттық тәрбиесі туралы «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы Абдалиев Дастон Муроджанұлы баяндама жасап, «Жаңа толқын» және «Адал азамат» қағидаттарының жүзеге асырылу барысы жайында ақпарат берді. Ол жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуы – ел болашағының кепілі екенін атап өтті.
Отырыста сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы аясында көтерілген «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбы да кеңінен сөз болды. Бұл жөнінде Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихат депутаты, Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Хабибов Бегзат Давранұлы сөз сөйлеп, ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімнің маңыздылығына назар аударды. Ол ҚХА-ның ел бірлігін нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Байболова Ақнұр Нұраліқызы сөз сөйлеп, ҚХА жанындағы құрылымдар мен түрлі сала өкілдері арасындағы өзара ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ол Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы еңбегін ерекше атап өтті.
Қорытынды ретінде жиынға қатысушылар ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы бірлескен жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруға бірауыздан шешім қабылдады.



