Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен полиция қызметкерлеріне арнайы оқыту семинары өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және діни экстремизмнің алдын алу болып табылады.
Семинарға Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы, дінтанушы және республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшесі Ж.Жорабек, сондай-ақ ішкі істер органдарының өкілдері мен алдын алу жұмыстарымен айналысатын қызметкерлер қатысты.
Теолог маман радикалды идеологиялардың пайда болу себептері мен олардың қоғамға тигізетін зиянды әсерлері туралы жан-жақты баяндама жасады. Сонымен қатар, шынайы дін мен теріс діни ағымдарды ажырату, теріс идеологияны тарату белгілері және олармен тиімді жұмыс істеу әдістері талқыланды.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, ақпараттық кітапшалар таратылды. Бұл іс-шара қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда және радикализмнің алдын алуда полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруге зор үлес қосады.



