Түркістан облысында дін саласына қатысты құқықтық сауаттылықты арттыру және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен мешіт қызметкерлері мен имамдарға арналған семинар өткізілді.
Семинар барысында дін саласындағы өзекті мәселелер мен қолданыстағы заңнамалық нормалар кеңінен түсіндірілді. Шараға Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы, дінтанушы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ж.Жорабек қатысты.
Теолог маман қатысушыларға Қазақстан Республикасындағы дін саласын реттейтін негізгі құқықтық құжаттар, оның ішінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның басты баптары мен талаптарын жан-жақты баяндады.
Семинарда діни қызметті тек заң шеңберінде жүргізудің маңыздылығы, тіркелмеген діни ұйымдардың әрекеттерінен сақтану, шетелдік діни білім алудың заңды тәртіптері, қоғамда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету жолдары жан жақты түсіндірілді.
Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, нақты мысалдар келтірілді. Діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауда имамдар мен мешіт қызметкерлерінің рөлі ерекше екендігі атап өтілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылып, арнайы сертификаттар табысталды.
Бұл семинар дін саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға және діни қызметтің құқықтық негізде жүзеге асуына оң ықпал етпек.



